Түркияда инвестиция салатын шетел азаматтарына ұзақ мерзімге тұруға рұқсат алу жеңілдеді. Жаңа ережеге сәйкес, кемінде 200 мың доллар инвестиция салған шетелдіктер – 5 жылға, ал 150 мың доллар құйғандар 3 жылға тұруға рұқсат ала алады. Бұл мүмкіндік енді қазақстандықтарға да қолжетімді.
Hürriyet басылымының хабарлауынша, тиісті өзгерістер күшіне енген.
Инвестиция көлемін есептегенде бірнеше қаржы түрі ескеріледі. Олардың қатарына Түркия банктеріндегі депозиттер, мемлекеттік борыш құралдарын сатып алу немесе жылжымайтын мүлік инвестициялық қорларынан үлеcтер, сондай-ақ жеке зейнетақы жүйесіне салынған қаражат кіреді.
Алайда инвестор салған ақшасын белгілі бір уақыт бойы сақтауға міндетті. Мәселен, бес жылға тұруға рұқсат алған адам инвестициясын кемінде екі жарым жыл бойы иелігінде ұстауы керек. Бұл талап банктегі депозитке, мемлекеттік бағалы қағаздарға және инвестициялық қорлардағы үлестерге де қолданылады.Жеке зейнетақы жүйесіне ақша салғандар белгіленген зейнетақы жоспарына қатысып, инвестициясын сақтауы қажет.
Дегенмен, Түркияда тұруға рұқсаттың болуы онда жұмыс істеуге құқық бермейді. Елде еңбек еткісі келетін шетел азаматтары заңнамаға сәйкес бөлек жұмыс істеуге рұқсат алуы керек. Сонымен қатар инвестицияны сақтау талаптары орындалмаса, берілген тұруға рұқсаттың күші жойылады. Жаңа тәртіп бойынша бес жылға тұруға рұқсат алу Түркия азаматтығын алуға негіз болмайды.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда қысқа мерзімді тұруға рұқсат ең көбі екі жылға берілетін.
Тоқаев Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы болуды ұсынды
Енді IELTS қажет емес пе? Түркі елдері ағылшын тілін бағалаудың жаңа емтиханын әзірлейді