Трамп орнына талас, Эль-Ниньо, ЖИ-мен күрес. The Economist 2027 жылға дәстүрлі болжамын жариялады

The Economist журналы 2027 жылға болжамын жариялады. Фото: depositphotos.com
The Economist журналы 2027 жылға болжамын жариялады. Фото: depositphotos.com
Журнал редакторы Том Стэндиж 2027 жылы әлем халқы назар аударуы тиіс 10 трендті атады.

The Economist басылымы жыл сайынғы The World Ahead жобасы аясында келер жылға арналған саяси, экономикалық, технологиялық және мәдени болжамдарын жариялады.

2027 жылға арналған шолуда АҚШ-тағы саяси өзгерістер, Ирандағы соғыстың салдары, климаттың жылынуы, жасанды интеллект, Еуропадағы оңшыл популизм және ғарыш технологиялары қамтылған.

Журнал редакторы Том Стэндиждің пікірінше, қазіргі әлем ғылыми-фантастикалық шығармаға ұқсап барады. Ұшқышсыз аппараттар соғыс жүргізу тәсілін өзгертті, жүргізушісіз таксилер пайда болды, адамға ұқсас роботтар дамып келеді, ал жасанды интеллект модельдері барған сайын күрделі міндеттерді орындай бастады.

Осындай технологиялық өзгерістер аясында 2027 жылы да әлемді елеулі оқиғалар күтіп тұр.

Трамптан кейінгі кезең

Аралық сайлаудың нәтижесі белгілі болып, саяси жағдай біршама тұрақталған соң Дональд Трамптың орнына кім келетіні жөніндегі бәсеке басталады. Алайда Трамптың ықпалы әлсіреп, саяси сахнадан шет қалуы екіталай. Керісінше, ол айналасына ойран салатын ашулы "Angry Birds" құсына көбірек ұқсайды. Өз ықпалын сақтап, тарихта қандай із қалдыратынын айқындауға бар күшін салатын Трамптан тағы да көптеген жарлық, сот дауы, аяқ астынан өзгертілген атаулар, ауқымды құрылыс жобалары мен әскери авантюралар күтуге болады. Ал әлем болса, Трамптан кейінгі Американың қандай болатынын ойлай бастайды.

Ирандағы соғыстың салдары

Қақтығыстың нақты әрі біржақты шешілуі екіталай. Сондықтан белгісіздік әлі де сақталады. Алайда Дональд Трамптың ойланбай бастаған соғысы АҚШ-тың халықаралық беделіне нұқсан келтірді. Енді одақтастары оған бұрынғыдай сенбейді, ал қарсыластары одан бұрынғыдай сескенбейді.

Соғыстың салдары 2027 жылы да сезіледі. Ол аймақтың саяси ахуалын өзгертіп, энергетикалық ресурстардың тасымал бағытын қайта қалыптастырады және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Әсіресе тыңайтқыш тапшылығы өзекті мәселеге айналуы мүмкін. Ал Иранның өзінде билік режимінің бақылауы бұрынғыдан да күшейе түседі.

Тағы бір ең ыстық жыл

2027 жыл метеобақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. "Супер Эль-Ниньо" құбылысы климаттың одан әрі жылынуы мен тұрақсыздануы қандай болатынын алдын ала көрсетеді. Көмірқышқыл газы мен басқа да шығарындыларды шұғыл қысқартпасақ, құрғақшылық, аптап ыстық, орман өрттері және басқа да төтенше ауа райы құбылыстары жиілей түседі.

Бір қызығы, Трамп өзі байқамай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің әлемдегі ең белсенді насихаттаушысына айналды. Өйткені жаңартылатын энергия климаттың өзгеруімен күресудің ғана емес, әлемдік энергетика нарығындағы баға құбылуынан қорғанудың да тиімді жолы.

Жасанды интеллектке қарсылық күшейеді

Жасанды интеллектінің ықтимал қауіптері барған сайын мұқият зерттеліп жатыр. ЖИ компаниялары күрделі әрі ашық көрсетілмейтін келісімдер арқылы қарызға көбірек ақша тартып жатқандықтан, нарықта дағдарыс туындау қаупі артады.

Қаржы нарығында не болатынына қарамастан, мүмкіндігі кеңейген ЖИ модельдері кибершабуылдардың көбеюіне жол ашуы мүмкін. Компаниялар мен үкіметтер жасанды интеллект жеткізу тізбегіне төнетін саяси қауіптерге де алаңдай бастайды.

Дегенмен ЖИ салдарынан жұмыс орындарының қысқаруы немесе деректер орталықтарының энергия мен суды шамадан тыс тұтынуы туралы алаңдаушылық нақты деректермен расталмай отыр. Қарсылықтың күшеюіне шынайы салдардан гөрі, "болуы мүмкін" деген қауіптер туралы түсінік көбірек әсер етіп отыр.

The Economist иллюстрациясы

Еуропадағы оңшыл популистер

Оңшыл популизм біраз уақыттан бері әлемнің әр түкпірінде күшейіп келеді. Алайда 2027 жылы назар Францияға ауады. Өйткені, оңшыл популистік "Ұлттық бірлестік" партиясының өкілі Марин Ле Пеннің президент сайлауында жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

Ол билікке келсе, Еуропалық одақтың жұмысын алға жылжытып отырған Франция мен Германия арасындағы ынтымақтастыққа кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар қарызы көбейген Францияның мемлекеттік қаржы жағдайына қатысты алаңдаушылық күшейеді.

Облигациялар нарығындағы қысым

Облигациялар нарығын алаңдатып отырған жалғыз ел Франция емес. Мемлекеттік шығындардың бақылаусыз өсуі, жасанды интеллект инфрақұрылымын жаппай салу және энергия бағасының қымбаттауынан қайта күшейген инфляция дамыған елдердің үкіметтері үшін қарыз алуды қымбаттатып жатыр.

Жоғары пайыздық мөлшерлемелер компаниялар мен қарапайым үй шаруашылықтарына да қысады. Мұндай жағдай жалғаса бермейді. Әйтеуір бір жерде, бір нәрсе күйреуі мүмкін.

Тайваньға қатысты мерзім

Технология соғыс жүргізу тәсілін өзгертті. Украина мен Ирандағы жағдайлардан көргеніміздей, енді шағын мемлекеттердің өзі қуатты қарсыласына төтеп бере алады. Бұл Қытайдың Тайваньға қатысты жоспарына қалай әсер етеді?

Си Цзиньпин Қытай қарулы күштеріне 2027 жылға дейін аралды басып алуға дайын болуды тапсырғаны айтылады. Ал АҚШ-тың назары басқа мәселелерге ауып отыр. Қытай осы жағдайды пайдаланып, Тайваньға қарсы әрекетке көше ме, әлде 2028 жылғы аралдағы сайлаудың нәтижесін күте ме? Алдағы екі жыл өте қатерлі болуы мүмкін.

Оземпиктің әсері

Арықтауға көмектесетін дәрілер адамдардың салмағын азайтып қана қоймай, олардың тұтыну әдеттерін де өзгертіп жатыр. Артық салмақтан арылып, өмірге жаңаша көзқараспен қарай бастаған адамдар "кек алу үшін сауда жасау" тенденциясына қосылуы мүмкін. Яғни, киім-кешекке, косметикаға және фитнеске көбірек ақша жұмсай бастайды.

Бұл дәрілердің жетістігі фармацевтикалық компаниялардың ұзақ өмір сүруге көмектесетін емдеу тәсілдеріне деген қызығушылығын да қайта жандандырды.

Ғарышқа ұшу арзандайды

SpaceX компаниясының алып Starship зымыраны спутниктерді тұрақты түрде ұшыра бастайды. Қытайдың зымыран жасаушы компаниялары да зымыран үдеткіштерін қайта пайдалануға болатынын көрсетеді.

Ғарышқа ұшыру құнының төмендеуі жеке ғарыш станцияларын салуға жол ашуы мүмкін. Тіпті орбитада деректер орталықтарын орналастыруға да мүмкіндік туады. Бір қарағанда, бұл ақылға сыймайтын идея сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, оның жүзеге асуы әбден ықтимал.

Голливудтың жаңаша бетбұрысы

"Жұлдызды соғыстар" фильмі 50 жылдығына орай қайтадан экранға шығады. Сонымен қатар франшизаны жаңаша бастауға бағытталған жаңа фильм түсіріледі. "Кек алушылар" тағы да оралады, ал жаңа Джеймс Бонд туралы фильм түсірілімі басталады.

Алайда YouTube авторларының аз бюджетпен түсірген фильмдері табысқа жетіп жатқанын ескерсек, көрермендерге шынымен де ескі франшизалардың жалғасы қажет пе? Әлде олар мүлде жаңа дүниені қалай ма? Бәлкім, солай шығар.

Дегенмен "Жұлдызды соғыстар" 2027 жылы бұрынғыдан да өзекті болуы мүмкін. Фильмде әскери қуаты зор держава шағын әрі арзан ғарыш кемелерінен жеңіліс табады. Өз бетінше әрекет ететін, кейде бұйрыққа бағынбайтын роботтар да бар. Сонымен қатар қауіпсіздікке салғырт қарау мен деректердің қолды болуы қандай зардапқа әкелетіні көрсетіледі.

Ғылыми фантастикада суреттелген оқиғалар шынайы өмірмен астасып кеткендей. The Economist журналы The World Ahead 2027 басылымы жылдам өзгеріп, белгісіздігі артып келе жатқан болашақты түсінуге көмектеседі әрі қызықты болады деп үміттенеді.
 юі болмақ.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау