Жүлде қоры – 1 млн доллар. NASA Айда база салу үшін байқау жариялады

NASA байқау жариялады. Фото ЖИ көмегімен жасалды
NASA байқау жариялады. Фото ЖИ көмегімен жасалды
Қатысуға ниетті командалар NASA STEM Gateway порталы арқылы тіркелуі тиіс. Өтінімдер 2027 жылғы 25 қаңтарға дейін қабылданады.

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын Moon Base Challenge байқауын іске қосты. Ұйымдастырушылар АҚШ-тың барлық өңіріндегі мектеп оқушылары мен колледж студенттерін адамзаттың Айдағы болашақ өміріне қатысты тың идеялар әзірлеуге шақырып отыр. Бұл туралы sciencedaily.com жазды. 

Байқаудың басталғаны туралы Флорида штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығының келушілер кешенінде өткен MAX POWER іс-шарасы барысында ресми түрде жарияланды. "Ғылымның алтын ғасыры" бастамасы аясында қолға алынған жоба жас өнертапқыштарға NASA-ның жоспарланған Ай базасына арналған тың шешімдер мен жобалар ұсынуға мүмкіндік береді.

"Біз шығармашылық тұрғыда ойлай алатын, командада жұмыс істейтін және NASA-ның Айдағы болашағына қатысты нақты мәселелерді шешуге дайын студенттерді іздейміз. Өз үлесіңізді қосу үшін оқуды бітіруді күтудің қажеті жоқ. Білуге құмарлық, креативтілік және дайын шешімі жоқ күрделі міндеттерді еңсеруге деген талпыныс – болашақты құру үшін бізге дәл осы қасиеттер қажет", – деді NASA әкімшісі Джаред Айзекман.

Тұрақты Ай базасын құру жоспары

Қазір NASA астронавтар тұрақты өмір сүріп, ғылыми зерттеулер жүргізе алатын базаны Айдың Оңтүстік полюсіне жақын маңда салу бағытында жұмыс істеп жатыр. Адамзаттың Айда тұрақты қоныстануы болашақта астронавтарды Марсқа аттандыру миссиялары жолындағы маңызды баспалдақ саналады. Бұл мақсатқа жету әртүрлі сала мамандарының терең білімі мен шығармашылық көзқарасын талап етеді.

"Ай базасын жобалау мен салу барысында зерттеушілерімізге Айда өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажет болатын барлық жағдайды ескеру үшін барынша тапқырлық пен жаңашылдық танытқымыз келеді. Студенттер бізге қажет батыл идеяларды ұсына алады, олардың тың көзқарасын асыға күтемін. Түптеп келгенде, бұл Ай базасы соларға – адамдар Айда тұрақты өмір сүретін жаңа әлемді танитын ұрпаққа арналған", – дейді Ай базалары бағдарламасының жетекшісі Карлос Гарсия-Галан.


Оқи отырыңыз: Эль-Ниньо: Қыста нөсер жауын мен су тасқынының күшею қаупі бар 


Айдағы өмірдің алты басты түйткілі

Бірнеше кезеңнен тұратын байқау барысында студенттік командалар Ай базасының жұмыс істеуіне қажетті алты негізгі бағыт бойынша шешімдер әзірлейді:

  • Энергия өндіру және оны сақтау;
  • Ғимараттар мен құрылыс нысандарын салу;
  • Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін үздіксіз ұстап тұру;
  • Ай бетіндегі көлік қатынасын ұйымдастыру;
  • Байланыс желілерін құру;
  • Астронавтардың қауіпсіздігін қорғау.

Әрбір санат NASA-ның Айдағы ұзақмерзімді миссияларын қамтамасыз ету жолында кездесетін нақты практикалық кедергілерге арналған. Бұл мәселелермен жұмыс істеу арқылы жастар Ай технологияларының жаңа тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, болашақта аэроғарыш және соған сабақтас салаларда мансап құруға қажетті техникалық әрі кәсіби дағдыларды шыңдайды.

Тапсырма Ай бетіндегі күнделікті өмірге әсер ететін шынайы қоршаған орта жағдайлары мен миссия талаптарына негізделген. Қатысушылар ғарыш саласында қолданылатын жұмыс үдерістеріне ұқсас тапсырмаларды орындайды: бәсекелес техникалық нұсқаларды бағалайды, әлеуетті жобалардың сипаттамасын әзірлейді және жобаға мүдделі тараптар алдында таныстырылым өткізеді.

Байқауға техникалық, кәсіптік және өзге де академиялық мамандықтардың студенттері шақырылады. Инженерия немесе техникалық салалар бойынша алдын ала арнайы білімнің болуы талап етілмейді – бұл байқауды жас өнертапқыштардың барынша кең ауқымына қолжетімді етеді.

Байқауға қалай қатысуға болады?

NASA бұл бастама арқылы тек тың идеялар жинап қана қоймай, аэроғарыш саласы мамандарының келесі буынына қажетті машықтарды қалыптастыруды көздейді. Студенттерге нақты жобалау міндеттерін ұсына отырып, агенттік өзара ынтымақтастықты, мәселелерді шығармашылықпен шешуді және ғарышты игеру ісіне жастардың белсенді араласуын ынталандыруға ниетті.


Оқи отырыңыз: Атырауда "Алтын домбыра" халықаралық күй байқауы басталды


"Студенттер – зерттеушілер мен жаңашылдардың келесі буыны. Олардың бірегей көзқарастары Жерден тыс болашағымызды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл сын-қатер оятатын шығармашылық әлеует пен тапқырлықты көру мен үшін үлкен қуаныш", – деді NASA штаб-пәтеріндегі STEM-салалармен өзара іс-қимыл басқармасы әкімшісінің орынбасары Элейн Хо.

Қатысуға ниетті студенттік командалар NASA STEM Gateway порталы арқылы тіркелуі тиіс. Өтінімдер 2027 жылғы 25 қаңтарға дейін қабылданады.

Аталған байқауды NASA-ның Ғылыми-техникалық пәндермен өзара іс-қимыл басқармасы агенттіктің Ай базалары бағдарламасымен серіктестікте әзірлеген. Ал байқауды әкімшілендіру ісіне Ғылыми-зерттеу және технологиялық миссиялар басқармасы құрамындағы NASA-ның Бірлескен инновациялар саласындағы озық тәжірибе орталығымен жасалған келісімшарт аясында Бәсекеге қабілетті ғылымдар институты жауап береді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау