Қазақстанда оқушыларға жақсы баға алғаны үшін кэшбек беріледі. Ақша бірден банк картасына түседі және оны оқушылар қалауынша жұмсай алады. Алайда бұл ақша шариғатқа сай ма деген сұрақ туады.
Kazislam.kz мәліметінше, мектепте алған жақсы баға үшін кэшбэк немесе ақшалай сыйақы алу шариғат тұрғысынан рұқсат етілген, яғни халал деуге болады.
"Бұл – белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені үшін берілетін сыйақы. Яғни, оқушының жақсы оқығаны, 10 балл алғаны немесе тоқсанды үздік аяқтағаны үшін алдын ала уәде етілген ақшалай марапат. Мұнда банк немесе демеуші ұйым оқушыларды білім алуға және қаржылық сауаттылығын арттыруға ынталандыру мақсатында сыйақы береді. Мұндай марапат құмар ойынға (майсир) де, өсімқорлыққа (риба) да жатпайды. Себебі оқушы сыйақы алу үшін өз ақшасын салмайды және ешқандай қаржылық тәуекелге бармайды", – делінген жауапта.
Алайда ақша халал болуы үшін оқушы бағаны адал еңбегімен, өз білімімен алуы керек. Көшіріп жазу, шпаргалка пайдалану немесе мұғалімді алдап баға алу исламда біреудің мүлкін алдау жолымен иемденумен теңестіріледі. Сондықтан баға адал жолмен алынбаса, сол үшін берілген сыйақының да адалдығына күмән туады.
Оқушы картаға түскен ақшаны өз қалауынша жұмсауға болады. Бірақ сатып алатын заттар мен көрсетілетін қызметтер ислам талаптарына қайшы келмеуі керек. Мысалы, кітап, кеңсе тауарларын, азық-түлік, киім-кешек және басқа да пайдалы заттарды алуға, сондай-ақ шариғатқа қайшы емес ойын-сауыққа жұмсауға рұқсат.
Қорыта айтқанда, шариғат талаптары сақталған жағдайда жақсы баға үшін берілетін кэшбэкті алуға да, оны пайдалануға да болады. Бұл – оқушының еңбегі мен жетістігі үшін берілетін рұқсат етілген сыйақы. Ең бастысы – білімді адал жолмен алып, ақшаны пайдалы іске жұмсау.
"Төрттік баға алсам, ұрысатын". Үздік оқушы синдромы деген не және ол жетістікке жетуге неге кедергі?
БЖБ мен ТЖБ бірте-бірте мектептің орта және жоғары сыныптарынан да алынады