Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
"ҚазҰУ-ға мониторингтік топ жіберіліп, онда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау бөлігінде заңнама мен ішкі құжаттар талаптарының сақталуы зерделенеді, сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігі бағаланады. Жанжалды жағдайларды анықтау мен алдын алудың, студенттердің өтініштеріне уақтылы ден қоюдың және оларға психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударылады", – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, хабарламадан Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, прокуратура, полиция департаменті, балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өкілдерінің, кәсіби психологтар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғаны белгілі болды.
Жұмыс тобы Алматы қаласындағы жатақханаларға көшпелі іс-шаралар жүргізіп, студенттермен кездесулер мен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырады.
"Негізгі міндет – студенттік ортада "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту, тәуекел факторларын уақтылы анықтау, жанжалды жағдайлардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар қалыптастыру. Тексеру қорытындысы бойынша студенттік ортада қауіпсіздікті арттыру және профилактика жүйесін жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленетін болады", – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, соңғы бір ай ішінде университеттің екі студенті қайтыс болды. Бүгін, 17 қарашада университеттің басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылғаны туралы хабарланды.
ҚазҰУ-дегі студент өлімі: проректор мен декан жұмыстан босатылды
Алматыда ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті қайтыс болды. Күдікті ұсталды