Қазақстандықтар дәріханада дәрі-дәрмектің белгіленген бағадан қымбат сатылып жатқанын мобильды қосымшалар арқылы тексере алады. Дәріханадағы баға рұқсат етілген шекті бағадан қымбат сатса, онда тұтынушы шағым түсіре алады.
2026 жылы Қазақстанда 4994 дәрілік препараттың бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Дәріханалар бұл дәрілерді белгіленген бағадан қымбатқа сатпауы керек..
Дәрінің бағасын қалай тексеруге болады?
Дәрінің бағасын DariKZ және Naqty Onim мобильді қосымшаларынан көруге болады. Ол үшін:
- DariKZ қосымшасына кіріп, іздеу жолағына қажетті дәрінің атауын жазыңыз.
- Препараттың белгіленген шекті бөлшек сауда бағасын қараңыз.
- Дәріханадағы бағамен салыстырыңыз.
Сондай-ақ Naqty Onim қосымшасы арқылы дәріні атауы бойынша іздеуге немесе қаптамасындағы Data Matrix кодын сканерлеуге болады.
Дәрі бағасы белгіленген сомадан жоғары болса, не істеу керек?
Дәріхана дәріні шекті бағадан қымбат сатса, DariKZ қосымшасы арқылы шағым жібере аласыз. Өтінішке дәрінің қаптамасы мен сатып алғаныңызды растайтын чектің фотосын тіркеген жөн.
Шағым автоматты түрде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданады.
Белгіленген бағадан асып кеткені үшін құқық бұзушының санатына қарай 70-тен 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. 2026 жылы айыппұл сомасы 302 750 теңгеден басталып, 4 млн 325 мыңға жетеді.
Қазақстанда арзан дәрілердің бағасы енді нарықпен реттеледі
Емхана тегін дәрі-дәрмекті бермесе, не істеу керек