Сабаншы, арқар, тау сусары. Балқаш маңында қандай жануарлар фототұзаққа жиі түсті

Балқаш маңындағы фототұзаққа арқар түсіп қалған. Фото: acbk.kz
Балқаш маңындағы фототұзаққа арқар түсіп қалған. Фото: acbk.kz
Мониторинг барысында кемінде 25 сүтқоректі түрі тіркелген. Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар да бар. 

Солтүстік Балқаш өңірінде орнатылған фототұзақтар сирек кездесетін жануарларды түсіріп алған.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (АСБК) мен Халықаралық сабаншыны зерттеу тобының мамандары өңірдегі жануарларды бақылау үшін 12 аумақта 64 фототұзақ құрған. Олар 261 мыңнан астам фото мен бейнежазба жинаған.

АСБК мәліметінше, мониторинг жұмыстары Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарын, сондай-ақ Абай облысының Аягөз ауданын қамтыған. Зерттеу аумағы батыстан шығысқа қарай 400 шақырымнан, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырымнан асады.

Мониторинг барысында кемінде 25 сүтқоректі түрі тіркелген. Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар да бар. 

  • Сабаншы – кемінде 22 рет тіркелген;
  • Қазақстан арқары – кемінде 30 рет байқалған;
  • Ақтас сусары – кемінде бес рет түсірілген;
  • Шұбар күзен – кемінде бес рет тіркелген;
  • Қарақұйрық – бір рет байқалған. Бұл 2000 жылдан кейін Қарағанды облысында осы түрдің құжатпен расталған алғашқы кездесуі болуы мүмкін;
  • Ақбөкен – бір рет тіркелген.

Зерттеушілердің дерегінше, жарамды мәлімет жинаған фототұзақтардың жартысынан астамы сабаншыны тіркеген. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы нәтижемен шамалас болғанымен, бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда екі-үш есе жоғары. Мамандар мұны жануардың зерттеу аумағындағы белсенділігінің артқанын көрсететінін айтты. Дегенмен бұл деректер сабаншы популяциясының көбейгенін білдірмейді.

Зерттеу кезінде сілеусін де бес рет байқалған. Бұған қоса, фототұзақтар алғаш рет оның күшіктерін түсірген. Мамандар мұны өңірдегі сілеусін санының артуы мүмкін екенін көрсететін белгі ретінде қарастырады.

Бұдан бөлек, Бектау ата гранитті массивінде шұбар күзеннің белсенділігі жоғары болған. Үш бақылау нүктесінде фототұзақтар шұбар күзен мен түлкіні бірге бірнеше рет түсірген. Бір нүктеде мұндай көрініс бір жыл бойы тұрақты тіркелген. Зерттеушілер жануарлардың бір-біріне агрессия танытпағанын атап өтті.

Қарақұйрық бір бақылау нүктесінен анықталған. Мамандардың мәліметінше, бұл Қарағанды облысында 2000 жылдан бері фототұзақпен тіркелген алғашқы жағдай болуы мүмкін. Сонымен қатар бір нүктеде ақбөкен де камераға түскен.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау