Эстонияда соғыста тұтқындалған 82 қазақ сарбазының есімі жазылған құжат табылды

Эстонияда соғыста жоғалған сарбаздардың есімі жазылған құжат табылды. Фото: Ғалым Зиябек Қабылдиновтың парақшасынан алынды
Эстонияда соғыста жоғалған сарбаздардың есімі жазылған құжат табылды. Фото: Ғалым Зиябек Қабылдиновтың парақшасынан алынды
Олардың көбі соғыстың алғашқы айларында Балтық елдерін қорғау кезінде тұтқынға түскен.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары Эстония архивтерінен ондаған жылдар бойы "хабар-ошарсыз кеткен" деп саналған отандастардың есімі аталған құжатты тапты. Сарбаздар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалған болатын.

Ғалым Зиябек Қабылдиновтың мәліметінше, қазіргі уақытта институтта тарих ғылымдарының кандидаты, институттың Қызылжар қаласындағы филиалының директоры Н.А. Әбуовтың жетекшілігімен "Польша, Ресей, Украина, Беларусь және Балтық елдері аумағындағы фашистік концлагерьлерде болған қазақстандық әскери тұтқындардың тарихы" атты ауқымды ғылыми жоба жұмыс істеп жатыр. Бұл жай ғана ғылыми зерттеу емес, бұл – ұрпақтар алдындағы парыз. Сарбаздардың іздеуін жасау мақсатында институт қызметкерлері Польша, Латвия, Беларусь архивтерінде қажырлы жұмыс атқарды. Ал жақында бұл тізім Эстониямен толықты.

Эстония архивінен табылған олжа

Биылғы жылдың 11-13 қарашасы аралығында институттың ғылыми қызметкері Динара Сандыбаева Таллин қаласындағы Эстония Ұлттық архивіне барып қайтты. Ол 1941-1942 жылдардағы неміс оккупациялық әкімшілігінің құжаттарын егжей-тегжейлі зерттеді. Бұл құжаттардың ішінде соғыстың алғашқы, ең ауыр айларындағы тарихты сипаттайтын құнды материалдар табылды:

  • Dulag 154 әскери тұтқындарды қайта бөлу лагерінің тізімдері;
  • Әскери тұтқындардың есімі жазылған тізімдер;
  • Вильянди қаласындағы тұтқындарды ауылшаруашылық жұмыстарына жіберген еңбек бюросының құжаттары.
Эстонияда соғыста жоғалған сарбаздардың есімі жазылған құжат табылды. Фото: Ғалым Зиябек Қабылдиновтың парақшасынан алынды 

Зерттеу барысында бұл құжаттардан 82 қазақ және Қазақстаннан шақырылған сарбаздар туралы жазба анықталды. Олардың көбі соғыстың алғашқы айларында, Балтық елдерін қорғау кезінде тұтқынға түскен:

  • Ұтынбаев Ахтай: 1941 жылы 11 шілдеде Пярну түбінде, аяғы мен иығынан жараланып тұтқынға түскен;
  • Уәлиев Қасым: Латвияның Мадонна түбінде, тізесінен жаралы күйінде қолға түскен;
  • Досмағанбетов Қуанышбай: 163-атқыштар полкінің сарбазы, Эстонияның Тюри станциясында тұтқынға алынған.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым ету – біздің перзенттік борышымыз


Бұл үш сарбаз да 1941 жылы 28 шілдеде лагерьден одан ары, Погегенге (қазіргі Литва) жөнелтілген. Сонымен қатар, Тарту түбінде 219-полктің сарбаздары Тұршанов Әбілқас пен Байжумин Жұмахан тұтқынға түскені белгілі болды. Құжаттар сарбаздардың басым көпшілігінің небәрі 20-23 жастағы боздақтар болғанын көрсетеді. Ең кішісі – Шайбеков Шаймерден, небәрі 17 жаста болған. Бейбіт өмірде олар қарапайым еңбек адамдары еді: Қалбаев Өтеш – балықшы; Рахымбергенов Камалидин – сатушы; Ілубаев Бекен – әлі студент еді. Олардың көбі бір бөлімшеде қызмет еткен: мысалы, №56 атқыштар бөлімінен ғана жиырмадан астам қазақ фамилиясы табылды.

Эстонияда соғыста жоғалған сарбаздардың есімі жазылған құжат табылды. Фото: Ғалым Зиябек Қабылдиновтың парақшасынан алынды 

"Сарбаздардың есімі неміс архивтерінде латын әрпімен және жиі бұрмаланып жазылған (мысалы, Kasibajew, Turschanow, Dosmahanbetow). Сондықтан ғалымдарға әрбір фамилияны мұқият оқып, салыстыруға тура келуде. Қазіргі уақытта Тарих және этнология институтының қызметкерлері бұл есімдерді "ОБД Мемориал" және "Память народа" сияқты халықаралық дерекқорлар арқылы тексеріп, олардың әрі қарайғы тағдырын анықтауға тырысуда. Құрметті отандастар! Егер сіздің отбасыңызда соғыстың алғашқы айларында Балтық елдері аумағында (Эстония, Латвия, Литва) хабар-ошарсыз кеткен жақындарыңыз болса, олардың есімі бұл тізімде болуы әбден мүмкін. Табылған құжаттар институт дайындап жатқан "Әскери тұтқындар – қазақстандықтар" атты жаңа архивтік материалдар жинағына енгізіледі. Бұл жинақ пен сарбаздардың тізімдері еліміздің барлық аймақтарына жіберілетін болады." – деп жазды ғалымдар. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау