Мұсылмандар саны алдағы онжылдықтарда қарқынды өсіп, 2035 жылға қарай христиандардан асып түсуі мүмкін. Ал 2070 жылға қарай ислам дінін ұстанушылар әлемдегі ең ірі діни топқа айналады. Мұндай болжамды Pew Research Center зерттеу орталығы жариялады.
Зерттеу мәліметінше, 2020-2070 жылдар аралығында әлем халқының жалпы саны 29 пайызға өседі деп болжанған. Осы кезеңде мұсылмандар саны 80 пайызға артып, 3,6 миллиардтан асады. Ал христиандар саны 30 пайызға өсіп, 3 миллиардқа жуықтайды.
Орталық сарапшылары мұсылмандар санының көбеюін ең алдымен Африкадағы демографиялық өсіммен байланыстырады. XXI ғасырда әлем халқының басым бөлігі Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде өседі деп күтіледі. Бұл аймақта халықтың басым бөлігі христиан немесе мұсылман дінін ұстанады. Туу көрсеткішінің жоғарылығы мен өмір сүру ұзақтығының артуы осы екі діни топтың да санын көбейтеді.
Сонымен қатар ислам діні туу көрсеткіші бойынша басқа негізгі діндер арасында бірінші орында тұр. 2020-2025 жылдары мұсылман әйелдерге шаққандағы орташа бала саны 3,1 болса, христиандар арасында бұл көрсеткіш 2,5-ті құраған. Дінге қатысы жоқ әйелдер арасындағы көрсеткіш 2,0 болған.
Зерттеу бойынша, 2020-2025 жылдары мұсылман аналардан шамамен 252 миллион сәби дүниеге келген. Бұл христиан аналардан туған 208 миллион баладан көп.
Сарапшылар мұсылмандардың жас ерекшелігін де маңызды фактор ретінде көрсетеді. 2020 жылы мұсылмандардың орташа жасы 24 болса, дін ұстанбайтын адамдар арасында бұл көрсеткіш 33 жас болған. Жас халықтың бала туу жасына әлі жетпеген немесе осы кезеңде жүрген үлесі жоғары болғандықтан, оның өсу әлеуеті де басым.
Pew Research Center болжамынша, 2070 жылға қарай мұсылмандар әлем халқының 36 пайызын құрайды. 2020 жылы бұл үлес 26 пайыз болған. Ал христиандардың әлем халқындағы үлесі шамамен 29 пайыз деңгейінде сақталады.
Зерттеу 201 ел мен аумақты қамтиды. Болжамдарда діни топтардың жас құрамы, туу көрсеткіші, көші-қон және адамдардың бір діннен екіншісіне өту үрдісі ескерілген.
Оқушыға жақсы баға үшін кешбэк төлеуге Ислам рұқсат ете ме