Тоқаев Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы болуды ұсынды

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Ресейге ұйымға бақылаушы болу ұсынылды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Ресейдің ұйым жұмысына қатысуына қатысты ұсыныс айтты. Мемлекет басшысы Ресейге "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматы аясында қосылуды немесе ұйымға бақылаушы мәртебесін беруді ұсынды.

Ақорданың мәліметінше, саммитте сөз сөйлеген Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екенін атап өтті. Оның айтуынша, бауырлас елдердің егемендігі мен ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – ұйымның мызғымас қағидаты.

Мемлекет басшысы биылғы басқосудың "Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір" деген тақырыппен өтуінің мәніне тоқталды. Саммит Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен тұспа-тұс келген. Осыдан бір ғасыр бұрын Бакуде түркі елдерінің зиялы қауым өкілдері бас қосып, рухани тұтастықты нығайту жолында күш біріктірген.

"Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын пайдаланудың маңызы зор екенін айтты.

Осы ретте Тоқаев Ресейдің ұйым жұмысына қатысу ниетіне оң көзқарас білдіру керегін жеткізді. Оның пікірінше, бұл елді "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматына қосылуға немесе ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақыру орынды болар еді.

"Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей "Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі" деген тұжырымдаманы дәріптеп жатыр. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау