Threads әлеуметтік желісінде біреумен жазысқан жеке хатты, дауыс хабарламасын немесе фотосын рұқсатсыз жариялаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай әрекет үшін 8 миллион 650 мың теңгеге дейін айыппұл салынып, кей жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда көпшілік жеке хат алмасуды жариялаудың заңға қайшы екенін біле бермейді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Соңғы уақытта Threads желісінде бұрынғы сүйіктісімен, туыстарымен немесе ата-анасымен арадағы жеке әңгімені жариялап, оны көпшілікпен талқылайтындар көбейген. Бірі мұны әзіл үшін жасаса, енді бірі әділдік іздеп, жеке хаттарын жұртқа көрсетеді. Алайда заңгерлер мұндай әрекеттің құқықтық салдары бар екенін ескертеді.
Жеке хатты жариялау неге қауіпті?
Заңгерлердің айтуынша, азаматтар жеке хат алмасу құпиясын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескере бермейді. Конституция бойынша әр адамның хат жазысу құпиясына құқығы бар. Сондықтан мессенджердегі жеке хабарламаларды немесе өзге де жеке ақпаратты рұқсатсыз жариялау заң бұзушылық болып саналады. Мұндай әрекет үшін айыппұлдан бөлек, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы да қолданылуы мүмкін.
Заңгер Ермек Абдрасұлов жеке хаттарды дәлел ретінде сақтауға және қажет болған жағдайда адвокатқа, сотқа немесе құзырлы органдарға ұсынуға болатынын айтады. Алайда оларды әлеуметтік желіге жариялау заңға қайшы.
"Әрине, ондай деректерді өзінде сақтауға болады. Ертең сот болса, адвокатқа көрсетуге, құзырлы органдарға, соттың немесе прокурордың алдында жеке ұсынуға болады. "Осындай дәлелім бар, мен кінәлі емеспін" деп айтуға болады. Ал оны бірден жұртқа жайып жіберу – заңға қайшы. Заңмен тыйым салынады. Өйткені әр адамның жеке деректері сақталуы керек", – дейді заңгер.
Өзгенің фотосын рұқсатсыз жариялауға да болмайды
Бұдан бөлек, басқа адамның фотосын оның келісімінсіз жариялау да заң бұзушылық болып есептеледі. Егер сурет арнайы келісіммен түсірілмесе немесе оны жариялауға өзге заңды негіз болмаса, адамның рұқсатын алу қажет.
Өзінің құқықтары бұзылды деп есептеген азаматтар сотқа немесе полицияға жүгіне алады.