Астанада 46 жастағы тұрғын тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камерасын қасақана істен шығарған. Соның салдарынан домофон жүйесі мен бейнебақылау жабдықтары істемей қалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол 46 жастағы Астана тұрғыны болып шықты.
Полиция мәліметінше, ер адам мүлік иелері кооперативі кеңсесінің кіреберісіне қарама-қарсы орналасқан бейнебақылау камерасын әдейі істен шығарып, бөтеннің мүлкіне залал келтірген. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
ІІМ дерегінше, жыл басынан бері бөтеннің мүлкін бүлдіру және өзге де бұзақылық әрекеттері үшін 225 адам жауапқа тартылған.
Еске салайық, қазақстандықтарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері болып таныстыратын алаяқтардан сақ болуға шақырды.