Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалыңмал мен мәһірдің айырмашылығын түсіндірді.
ҚМДБ-ның ресми сайтында жарияланған мақалада қазақ дәстүріндегі қалыңмал мен ислам шариғатындағы мәһірдің құқықтық сипаты екі түрлі екені айтылған.
Қазақ дәстүрінде қалыңмал – жігіт жағының қыз жағына үйлену қарсаңында беретін мал-мүлкі. Оның мөлшері әр өңірде, әр дәуірде және отбасының әлеуметтік жағдайына қарай өзгеріп отырған. Дәстүр бойынша қалыңмалдың негізгі мақсаттарының бірі – қыздың жасауын әзірлеуге жағдай жасау. Жасауға төсек-орын, кілем, ыдыс-аяқ, киім-кешек, әшекей бұйымдар және жаңа шаңыраққа қажетті басқа да заттар кірген.
Ал мәһір – ислам шариғатында ер адамның некеге байланысты әйелге беруге міндетті ақысы. Ол әйелдің жеке меншігі саналады. Әйелдің ата-анасы да, күйеуі де оның рұқсатынсыз мәһірді пайдалана алмайды. Мәһір ақша немесе мүлік түрінде берілуі мүмкін. Оның нақты мөлшері мен түрін некелесуші жұбайлар өзара келіседі.
Мақалада мәһірдің берілу уақытына қарай екі түрге бөлінетіні де түсіндірілген.
- Біріншісі – неке қию кезінде немесе оған дейін берілетін;
- екіншісі – кейін беруге келісілген мәһір.
Осы тұрғыдан алғанда, құда түсу кезінде берілетін қалыңмалдың алдын ала төленетін мәһірмен ұқсастығы бар.
Дегенмен қалыңмалдың мәһір ретінде есептелуі үшін екі жақтың келісімі болуы керек. Мысалы, құда түсу кезінде жігіт жағы қызға мәһір ретінде бір миллион теңге беруге келіскен болса, бұл қаражат мәһір саналады. Мұндай жағдайда қыздың ата-анасы ақшаны өз бетінше пайдалана алмайды. Егер қыз келіссе, оны жасау әзірлеуге жұмсауға болады. Ал келіспеген жағдайда қаражат толықтай қыздың өзіне берілуге тиіс.
Мақалада әйелдің мәһір ретінде алған мүлкі ажырасқан жағдайда да өзінде қалатыны атап өтілген. Күйеуі де әйелінің келісімінсіз оны пайдалана немесе сата алмайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес, күйеу жігіт берген қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және оны жасау әзірлеуге пайдалануға болады. Ал қыз бұған келіспесе, мәһір толықтай өзіне берілуі керек.
Сондай-ақ ҚМДБ қалыңмал беру дәстүрі қалыптаспаған аймақтарда неке қию кезінде мәһір мәселесін міндетті түрде ескеру қажет екенін атап өтті.
"Мәһір – қалыңдықты саудалау емес, Құдайдың берген құқығы". Имам мешітте неке қидыру ережелерін түсіндірді