"Ұмай" әйелдер ипотекалық бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны азайту тетіктері әзірленіп жатыр. Жаңа шарттарды 2027 жылы жариялау жоспарланған. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Комитет төрағасының айтуынша, қазір бағдарламаға қатысты қаржылық модель "Отбасы банкімен" бірлесіп әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – бастапқы жарна мөлшерін азайтуға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастыру.
"Қазір бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Қаржылық модельді "Отбасы банкімен" бірлесіп әзірлеп жатырмыз. Жаңа тетіктерді 2027 жылы жариялаймыз деп жоспарлап отырмыз", – деді Бақытжан Жүнісбеков.
"Ұмай" бағдарламасына сұраныс жоғары
Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бағдарламаға сұраныстың артуы мен кезектің пайда болуына түсініктеме берді. Оның сөзінше, сұранысқа ие бағдарламалар мен қаржы өнімдеріне қатысты мұндай жағдай мезгіл-мезгіл қайталанып тұрады.
Вице-министрдің айтуынша, қосымша қаржы бөлінсе, бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, сұранысты азайту жолдарын қарастыруға болады. Бұл ретте жаңа құралдар бюджет пен нарықтың мүмкіндігіне қарай әзірленеді.
"Егер өнім сұранысқа ие болса, біз мүмкіндігімізге қарай талаптар мен тетіктерді пысықтаймыз. Қосымша қаржы бөлінген жағдайда бұл бағыттағы жұмысты кеңейтіп, жоғары сұранысты азайту жолдарын қарастыруға дайынбыз. Бюджет пен нарықтың мүмкіндігіне қарай қосымша құралдарды әзірлейміз", – деді Олжас Сапарбеков.
Айта кетейік, 3 қараша күні таңертең Алматыдағы "Отбасы банк" бөлімшелерінің бірінің алдында кезек жиналды. Бұл күні банк әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды қайта бастады.