NIS түлектерінің шетелге кетіп қалатыны рас па? Асхат Аймағамбетов жауап берді

Назарбаев зияткерлік мектебі. Фото: schools.nis.edu.kz
Назарбаев зияткерлік мектебі. Фото: schools.nis.edu.kz
Құрлытай депутаты Асхат Аймағамбетов NIS мектептеріне қатысты үш мифті атады.

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері шетелге кетіп қалады, қаржыландыру толықтай мемлекеттің мойнында және түлектер нәтиже бермей жатыр деген мифтерге қатысты жауап берді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

Ол NIS мектебіне барып, мұғалімдермен әңгімелесіп, оқушылардың ғылыми жобаларын көрген.

"Мектептің ақпараттық жүйелерімен, ұстаздардың жұмысын жеңілдететін цифрлық шешімдермен таныстық. NIS – еліміздегі ең табысты білім беру жобаларының бірі. PISA-2025 халықаралық зерттеуінде оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері де көп. Мектепте тәрбиеге, баланың тұлға болып қалыптасуына, жауапкершілік пен адалдыққа ерекше мән беріледі. "Адал азамат" құндылықтарын оқу процесімен ұштастыру бағытында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр", – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов қоғамда Назарбаев зияткерлік мектептері туралы түрлі мифтер бар екенін айтып, оларды теріске шығарды. 

"Мысалы, "түлектерінің басым көпшілігі шетелге кетіп қалады" деген түсінік жиі айтылады. Алайда кездесуде түлектер қауымдастығының басшысы нақты деректер келтірді: 2025-2026 оқу жылындағы түлектердің 70,7%-ы – Қазақстанның, ал 28,2%-ы шетелдің жоғары оқу орындарына түскен. Оның үстіне, шетелде білім алғандардың көбі елге оралып, осында еңбек етіп жүр. Қаржыландыруға қатысты да түрлі әңгімелер көп. Басшылықтың мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранты бір оқушыны оқыту шығынының шамамен 70%-ын ғана өтейді. Қалған 30%-ы ақылы қызметтер, демеушілік және басқа да көздер есебінен жабылады. Оның үстіне, NIS – толық күндік мектеп", – деп жазды ол.

Құрылтай депутаты NIS мектептерінен 26 мыңнан астам жас түлеп ұшқанын, олардың орташа жасы қазір небәрі 24-те екен атап өтті. Бұл мектептердің нәтижесін алдағы жылдары көруге болатынын, түлектер ғылымда, бизнесте, медицина мен инженерияда ел дамуына үлес қосары анық екенін жеткізді.

"Ең бастысы, NIS тәжірибесі тек өз қабырғасымен шектелмейді. Педагогтердің біліктілігін арттыру, ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету, заманауи оқыту тәсілдерін жалпы білім беру жүйесіне енгізу бағытында да едәуір жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде NIS, БИЛ, РФМШ сияқты мықты білім ордаларының болғаны – үлкен жетістік. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мектептердің бар екенін мақтан тұтуымыз керек. Біз оларды барынша қолдап, озық тәжірибесін бүкіл білім беру жүйесінің игілігіне жаратуымыз қажет. Өйткені басты мақсатымыз – бірнеше мектептің ғана үздік болуы емес, еліміздегі әрбір баланың сапалы білім алуына тең жағдай жасау. Ал мықты мектептердің жетістігі ертең ауылдағы қарапайым мектептердің де дамуына тікелей ықпал етеді", – деп сөзін түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS) жобасы 2008 жылы бастау алып, алғашқы мектеп 2009 жылғы 12 қаңтарда Астана қаласында ашылды. Қазақстанда осындай 21 мектеп бар. Оның екеуі – халықаралық мектеп. NIS мектептері еліміздің 18 қаласында орналасқан.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау