Жұмыссыздар 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемді қалай алады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Фото: informburo.kz
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Фото: informburo.kz
Енді төлем жұмыс іздеу кезеңінде беріледі, ал жұмыссыз мәртебесін алу үшін азамат 13 күнге дейінгі рәсімнен өтуі керек.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жұмысынан айырылған азамат жұмысқа орналасуға көмек алу үшін тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгінуі қажет. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап "жұмыс іздеп жүрген адам" мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылды.

Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Сондай-ақ жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.

Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұдан кейін де мансап орталығы оған бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылады.

Әлеуметтік төлемге қалай өтініш беруге болады?

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азамат жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады.

Ол үшін бірнеше тәсіл қарастырылған. Атап айтқанда, өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Сонымен қатар ұялы телефонға келетін SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті пайдалануға, мансап орталығына немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жүгінуге мүмкіндік бар.

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін де мансап орталығы азаматқа жұмыс іздеуді жалғастыратынын атап өтті.

Әлеуметтік төлемнің мөлшері қанша болады?

2027 жылдан бастап жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Оның төлену мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, бірақ үш айдан аспайды.

Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды. Бұл ретте есепке алынатын орташа айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Әлеуметтік төлемді кімдер ала алады?

Министрлік бұл төлемді бұрынғыдай міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ғана ала алатынын еске салды. Яғни жұмысынан айырылған азаматтың әлеуметтік төлем алу құқығы оның осы жүйеге қатысуына байланысты.

Ведомство Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер мен жаңа тәртіпке қатысты түсіндіру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау