Өзбекстанда күніне 10 мың қадам жүргендер бағалы сыйлыққа ие болады

Жаяу кетіп бара жатқан адам. Фото: depositphotos.com
Жаяу кетіп бара жатқан адам. Фото: depositphotos.com
Жеңімпаздар республикалық және өңірлік деңгейде анықталады.

Өзбекстанның спорт министрлігі азаматтарды жаяу жүруге ынталандыратын "Он мың қадам" акциясын қайта бастауды ұсынып отыр. Жоба аясында бір жыл ішінде күн сайын кемінде 10 мың қадам жүрген азаматтар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Тиісті қаулы жобасы нормативтік-құқықтық актілер жобаларын талқылау порталында жарияланған. Құжатты спорт министрлігі цифрлық технологиялар министрлігі және экология комитетімен бірлесіп әзірлеген.

Акция "Экобелсенді азамат" (Ekofaol fuqaro) платформасында ұйымдастырылады. Оған Өзбекстанның 18 жастан асқан азаматтары қатыса алады.

Қатысу үшін смартфонға акцияның мобильді қосымшасын жүктеп, OneID жүйесі арқылы тіркелу қажет. Сондай-ақ құрылғыда қадам санын есептейтін Google Fit (Android) немесе HealthKit (iOS) қызметі қосулы болуы керек. Бір қатысушы бір құрылғыда тек бір аккаунт пайдалана алады.

Қадам саны күн сайын түнгі сағат 00.00-ден 23.59-ға дейін есептеледі. Нәтижелер фитнес-қосымшалардан автоматты түрде платформаға жіберіліп, қатысушылардың рейтингі жасалады.

Жеңімпаздар республикалық және өңірлік деңгейде анықталады. Күнде 10 мың қадам нормасын орындап, бір жыл ішінде ең көп қашықтықты жаяу жүріп өткен азаматтар үздік деп танылады.

Акция ұйымдастырушылары Қарақалпақстан, Ташкент қаласы мен облыстардағы үздік қатысушыларға, сондай-ақ республика бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен үш азаматқа бағалы сыйлық табыстауды жоспарлап отыр. Марапаттар желтоқсан айының соңында жалпыұлттық экологиялық мәселелерді шешуге арналған мемлекеттік мақсатты қор есебінен беріледі. Бұдан бөлек, басқа номинациялар бойынша да ынталандыру сыйлықтары қарастырылуы мүмкін.

Қатысушыларға өзге адамның аккаунтын пайдалануға, қадам санын қолдан көбейтуге және платформа жұмысына заңсыз араласуға тыйым салынады. Қатысушының нәтижесі күмән тудырса немесе автоматтандырылған бағдарламалар қолданылғаны байқалса, платформа операторы тексеру жүргізе алады. Заң бұзушылық расталған жағдайда қатысушы акциядан шеттетіліп, нәтижесі жойылады. Алаяқтық жолмен жеңіске жеткен азаматтар дисквалификацияланады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау