Ташкенттің су арнасында қолтырауын қайдан жүр

Ташкенттің су арнасында қолтырауын жүр. Фото: Depositphotos.com
Ташкенттің су арнасында қолтырауын жүр. Фото: Depositphotos.com
Өзбекстанда каналдан табылған қолтырауын хайуанаттар бағына жеткізілді.

Ташкенттегі Қарасу каналынан балықшылар Ніл қолтырауынының төлін тауып алған. Бауырымен жорғалаушы қатты тоңып қалғандықтан, оны хайуанаттар бағына жеткізіп, карантинге орналастырған. Мамандар жануардың қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр, алайда толық қалпына келуі үшін уақыт қажет.

Ташкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметінің мәліметінше, балықшылар қолтырауынның төлін 15 қарашада Қарасу каналынан байқаған. Оқиға орнына Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитет пен хайуанаттар бағының мамандары барған. Олар жануарды судан қауіпсіз алып шыққан. Жақын маңдағы аумақты тексеру кезінде басқа жануарлар табылмаған.

Мамандардың айтуынша, қолтырауын шамамен бір жаста. Оны хайуанаттар бағына жеткізген кезде жағдайы ауыр болған, денесі қатты тоңып қалған. Сондықтан жануар карантин бөліміндегі арнайы бассейнге орналастырылып, судың температурасы біртіндеп көтерілген. Сондай-ақ бассейнге жарықтандыру құрылғылары орнатылған. Қазір қолтырауынның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Дегенмен толық оңалуы үшін біраз уақыт қажет.

Хайуанаттар бағы қызметкерінің болжамынша, қолтырауын каналға өздігінен түсуі мүмкін емес.

"Бәлкім, ол біреудің үйінен қашып кеткен немесе оны енді күткісі келмеген адам суға тастап жіберген болуы мүмкін", – деді маман.

Өзбекстанда қолтырауын ұстауға тыйым салынған

Ташкент хайуанаттар бағының бас ветеринар дәрігері Махмуд Кузибаев Ніл қолтырауынының Өзбекстан өзендері мен каналдарында өздігінен тіршілік ете алмайтынын айтты. Әсіресе күз-қыс мезгілінде су температурасы кей жерлерде 5 градустан төмендейтіндіктен, жануардың өміріне қауіп төнеді. Хайуанаттар бағы тұрғындарды табиғи ортасына жат жерде кездескен экзотикалық жануарларды өз бетінше ұстауға немесе қуып жіберуге тырыспауға, оларға зиян келтірмеуге шақырды. Мұндай жағдайларда тиісті қызметтерге хабарлау қажет. Өйткені тіпті кішкентай жануарларға да мамандардың көмегі керек болуы мүмкін.

Өзбекстанда жеке тұлғаларға жабайы жануарларды, соның ішінде қолтырауындардың барлық түрін жартылай еркін жағдайда, қолдан жасалған ортада немесе тұтқында ұстауға тыйым салынған. Сондай-ақ оларды цирк қойылымдарына пайдалануға болмайды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау