15 өңірдегі жалақы сомасы республикалық орташа межеге де жетпейді – Мұрат Әбенов

Ең жоғары орташа жалақы Маңғыстау облысына тиесілі. Фото ЖИ көмегімен жасалды
Ең жоғары орташа жалақы Маңғыстау облысына тиесілі. Фото ЖИ көмегімен жасалды
2026 жылғы екінші тоқсандағы дерегі бойынша, елдегі орташа жалақы 486 мың теңге болса, нақты еңбек нарығының ортасын көрсететін медианалық жалақы небәрі 348 мың теңге шамасында.

Қазақстандағы еңбекақы нарығы екі бөлек әлемге бөлініп кеткен: 20 өңірдің тек бесеуінде ғана жалақы республикалық орташа деңгейден асады, ал қалған 15 аймақ көш соңында қалып отыр. Халық кеңесінің депутаты Мұрат Әбенов aimak.kz сараптамалық платформасының алғашқы рейтингін жариялап, ресми "орташа жалақы" көрсеткішінің артындағы шынайы әлеуметтік теңсіздікті сынға алды.

"Орташа жалақы" – шенеуніктерге ыңғайлы алдамшы құрал

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік органдар жиі қолданатын "орташа атаулы жалақы" ұғымы халықтың нақты әл-ауқатын көрсетпейді. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы екінші тоқсандағы дерегі бойынша, елдегі орташа жалақы 486 мың теңге болса, нақты еңбек нарығының ортасын көрсететін медианалық жалақы небәрі 348 мың теңге шамасында. Сонымен қатар жұмыс істейтін азаматтардың шамамен 30 пайызы бар болғаны 187 мың теңге айлық алады.

"Маған осы "орташа жалақы" деген ұғым мүлдем ұнамайды. Бұл – әлеуметтік-экономикалық салаға жауапты басшылардың есеп-қисаптағы алдамшы құралы. Шын мәнінде, бұл халықтың дәл жартысы кемінде осындай айлық алады деген сөз емес. Біздің елімізде орташа жалақы мен одан жоғары табысты еңбеккерлердің әрі кетсе үштен бірі ғана алады. Ал кейбір облыстарда жұмыс істейтін халықтың 70-75 пайызы сол "орташа" деңгейге де жетпейді. Нағыз әділ көрсеткіш медианалық жалақы болып саналады", – деді Мұрат Әбенов.

Боямасыз цифрлар: өңірлер рейтингі

Aimak.kz платформасы ұсынған ресми деректерге сүйенсек, көшбасшы Маңғыстау облысы (673 656 тг) мен соңғы орындағы Солтүстік Қазақстан облысының (363 123 тг) арасындағы айырмашылық екі есеге жуықтайды. Салық пен міндетті төлемдерді шегергенде, төменгі бестіктегі өңір тұрғындарының қолына 300 мың теңге де тимейді.

Мұрат Әбенов Алматы облысындағы (+3,1%) және Түркістандағы (+5,5%) мардымсыз өсімді инфляция мен қымбатшылық әлдеқашан жеп қойғанын, соның салдарынан ел бойынша нақты жалақы индексі 98,2 пайызға дейін төмендегенін атап өтті.

Қазақстандықтардың аймақ бойынша алатын жалақысы. Инфографика ЖИ көмегімен жасалды

Алшақтықтың төрт үлкен қаупі және адами капитал

Халық кеңесіндегі Білім және адами капитал комиссиясына жетекшілік ететін депутат өңірлер арасындағы табыс теңсіздігі елдің дамуына төрт бағытта тікелей қауіп төндіретінін ескертті:

  • Кадрлардың жаппай кетуі. Кедей өңірлер өз бюджеті есебінен жастарды оқытып, дайын дәрігер, мұғалім мен инженерлерді жалақысы екі есе жоғары мегаполистерге сыйға тартып отыр;
  • Ішкі сұраныстың өлуі. Тұрғындардың 70 пайызының табысы тамақ пен коммуналдық төлемнен артылмаған аймаққа ірі инвестор өндіріс ашпайды;
  • Қарыз қамыты мен әлеуметтік шиеленіс. Халықтың банктер алдындағы берешегі 27,3 трлн теңгеге (оның 17,32 трлн теңгесі – тұтынушылық несие) жеткен. Табысы төмен Алматы және Жетісу облыстарында тұтынушылық несие бір жылда тиісінше 31,5% және 24,3% өскен;
  • Шекаралық аймақтардың босап қалуы. Қысы ұзақ, тіршілігі қымбат Солтүстік Қазақстан облысының ең соңғы 20-орында тұруы халықтың көшіп кетуіне тікелей түрткі болып отыр.

Оқи отырыңыз: Қай мұғалімдерге 73 525 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді 


"Еңбекақы деңгейі – адами капитал сапасының ең басты өлшемі. Отбасы бала-шағаның несібесін айдан айға әзер жеткізіп отырса, ол жерде сапалы білім мен ұлт денсаулығы туралы талап қою қиын. Бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру үшін ата-анаға баланың құнарлы тамағына, кітабына, үйірмесі мен спортына, уақытылы емделуіне жеткілікті қаражат керек", – дейді депутат.

Әкімдер не істеуі тиіс?

Мұрат Әбенов барлық облысты бір сарынды шаблонмен басқаруды тоқтатып, әр аймақтың ерекшелігіне қарай нақты шешімдер қабылдауға шақырды:

  • Шикізаттық өңірлер (Маңғыстау, Атырау, Ұлытау): Мұнайшылар мен бюджет қызметкерлерінің жалақысындағы жер мен көктей алшақтықты азайтып, шикізаттық емес сектор мен шағын бизнесті дамытуға күш салуы тиіс.
  • Солтүстік және шығыс өңірлер (СҚО, Қостанай, Ақмола, Павлодар, ШҚО, Абай): Уақытша жұмыс орындары мен субсидия көшті тоқтата алмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жергілікті кәсіпорындардың коммуналдық шығындарын азайтуға басымдық беру қажет.
  • Халқы тығыз оңтүстік өңірлер (Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстары, Шымкент): Жалақысы мардымсыз уақытша жұмыстармен есеп беруді доғарып, өндірістік кооперацияны, тамақ және жеңіл өнеркәсіпті дамытып, жастарды табысы жоғары техникалық мамандықтарға бейімдеу керек.
  • Депутат сөз соңында азаматтарды өз өңірі, мамандығы және қолға тиетін нақты жалақысы туралы ашық пікір білдіруге шақырды. Оның айтуынша, халықтан жиналған шынайы деректер Үкімет пен әкімдіктер алдында нақты мәселе көтеруге сараптамалық негіз болмақ.

Оқи отырыңыз: 2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі


 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау