Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында Бакуде өткен құрылтайдың маңызды қорытындылары мен Түркі әлемі композиторлары бірлестігінің алдында тұрған ауқымды міндеттері туралы әңгімеледі.
Биыл бұл бірлестікке Әзербайжан төрағалық етіп, оны белгілі композитор Франгиз Али-заде басқарып отыр. Ал 2027 жылы бұл мәртебелі міндет Қазақстанға өтеді. Жаңа ұйымның басты мақсаты – түркі халықтарының шығармашылық байланысын жаңа сипатқа көтеріп, өнер адамдарын кәсіби ұйым төңірегіне топтастыру.
Құрылтайда қол қойылған Баку декларациясында бірлестіктің мақсат-міндеттері айқындалып, штаб-пәтерін Әзербайжан астанасында орналастыру ұсынылған болатын. Бұл бірлестік тек композиторлармен шектелмей, музыкатанушылар, дирижерлер, орындаушылар, ұлттық шығармашылық одақтар, консерваториялар, музыка академиялары мен оркестрлерді біріктіреді. Алдағы уақытта түркі халықтарының музыкалық мұрасын сақтап, зерттеу, ұлттық композиторлық мектептердің өзара шығармашылық байланысына жаңа мүмкіндік ашу, жас авторлар мен орындаушыларды барынша қолдау және түркі музыкасын халықаралық деңгейде бірлесіп насихаттау жұмыстары қолға алынады.
"Бірыңғай музыкалық кеңістік деген – үлкен ұғым. Мәселен, қазақ композиторының шығармасы Әзербайжан немесе Түркия сахнасында орындалса, Әзербайжан композиторының туындысы Қазақстандағы оркестрдің репертуарына енсе қандай жақсы! Кәсіби ынтымақтастықтың нәтижесінде өнер өрге жүзеді", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ жаңа музыкалық шығармаларға халықаралық тапсырыс беру, бірлескен концерттік бағдарламалар әзірлеу, музыкалық мұраны цифрландыру және арнайы Жол картасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар түркі әлемінің музыка мәдениетін әлемдік деңгейге көтеріп, кәсіби жағынан толысқан қуатты рухани күшке айналдырмақ.
Оқи отырыңыз: Футбол жұлдызы Роналдиньо қазақ баласының тұсауын кесті
"Бірыңғай музыкалық кеңістік деген – үлкен ұғым. Мәселен, қазақ композиторының шығармасы Әзербайжан немесе Түркия сахнасында орындалса, Әзербайжан композиторының туындысы Қазақстандағы оркестрдің репертуарына енсе қандай жақсы! Кәсіби ынтымақтастықтың нәтижесінде өнер өрге жүзеді", – деді Ақтоты Райымқұлова.