Мұғалімдер ПББ тәртібін бұзса, біліктілік санаты бір жылға төмендейді

Мұғалімдер ПББ кезінде тәртіп бұзса, біліктілік санаты бір жылға төмендетіледі. Фото: Depositphotos.com
Мұғалімдер ПББ кезінде тәртіп бұзса, біліктілік санаты бір жылға төмендетіледі. Фото: Depositphotos.com
Оған қоса тәртіп бұзған педагогтар аттестаттаудың пилоттық жобасына қатыса алмайды.

Педагогтердің білімін бағалау (ПББ) кезінде белгіленген талаптарды бұзған мұғалімдердің біліктілік санаты бір жыл мерзімге бір сатыға төмендетіледі. Мұндай педагогтарға тәртіп бұзғаны туралы акт жасалып, олар аттестаттаудың пилоттық жобасына қатысу құқығынан айырылады. Бұл туралы "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының департамент директоры Гүлден Мұхамбетжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, ПББ тапсыру кезінде белгіленген тәртіпті бұзған педагогтарға қатысты арнайы акт толтырылады. Соның негізінде мұғалімнің қолданыстағы біліктілік санаты бір жыл мерзімге бір сатыға төмендетіледі.

Оған қоса тәртіп бұзған педагогтар аттестаттаудың пилоттық жобасына қатыса алмайды. Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылында аттестаттау барысында ПББ өткізу талаптарын бұзған мұғалімдер пилоттық жобаға жіберілмейді.

ПББ кезінде белгіленген ережелерді сақтау педагог үшін маңызды талаптардың бірі болып отыр. Тәртіп бұзу тек тестілеу нәтижесіне ғана емес, мұғалімнің біліктілік санатына да әсер етеді.

Педагогтердің білімін бағалау қағидалары мен Ұлттық тестілеу орталығының түсіндірмесінде тестілеу кезінде тыйым салынған әрекеттер нақты көрсетілген. Ереже бойынша, аудиторияда басқа қатысушылармен сөйлесуге, орын ауыстыруға және тест тапсырмаларын талқылауға болмайды. Сондай-ақ тестілеу барысында пайдалануға рұқсат етілмеген заттарды алып кіруге тыйым салынады.

ПББ тапсыру кезінде мынадай әрекеттерге жол берілмейді:

  • Өзге қатысушылармен сөйлесу. Тестілеу кезінде жанындағы педагогпен сөйлесуге, тапсырмаларды талқылауға немесе жауап алмасуға болмайды;
  • Орын ауыстыру. Тестілеу басталғаннан кейін басқа орынға ауысуға рұқсат жоқ;
  • Тыйым салынған құрылғыларды пайдалану немесе алып кіру. Ұялы телефон, планшет, ноутбук, смарт сағат, смарт көзілдірік, құлаққап, диктофон, фотоаппарат, бейнекамера және ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін өзге де құрылғыларды аудиторияға кіргізуге болмайды;
  • Шпаргалка мен қосымша материалдарды пайдалану. Оқу-әдістемелік әдебиеттерді, түрлі форматтағы қағаздарды, Менделеевтің периодтық кестесін, тұздардың ерігіштік кестесін және калькуляторды алып кіруге тыйым салынған;
  • Тестілеу жүйесіне араласу. Компьютерлік жүйенің жұмысына немесе тестілеу техникасы мен қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге болмайды;
  • Аудиториядан рұқсатсыз шығу. Педагог аудиториядан дәліз кезекшісінің рұқсатынсыз және оның сүйемелдеуінсіз шыға алмайды;
  • Белгіленген уақыттан артық шығу. Денсаулық жағдайына байланысты ерекшеліктерді қоспағанда, аудиториядан 10 минуттан артық және бір реттен жиі шығуға болмайды. Тестілеудің алғашқы және соңғы 15 минутында аудиториядан шығуға рұқсат етілмейді;
  • Қағаздарды алып шығу. Тестілеу кезінде берілген кез келген форматтағы қағазды, оның ішінде бос парақтарды аудиториядан шығаруға болмайды;
  • Тапсырмаларды жариялау. Тест сұрақтарының мазмұнын талқылауға және жария етуге тыйым салынады;

Тыйым салынған заттар немесе тәртіп бұзу фактісі анықталса, педагог аудиториядан шығарылады. Бұл жағдайда оның тестілеу нәтижесі есепке алынбайды. Ереже бұзылғаны туралы акт жасалады. Мұндай дерек тестілеу аяқталғаннан кейін бейнежазбаны тексеру кезінде де анықталуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау