Алматыда шағын және орта бизнес нысандарынан бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту жұмыстары жалғасып жатыр. "Eco Almaty" мамандары дәмхана, кәуапхана, монша және техникалық қызмет көрсету станцияларының иелеріне жаңа экологиялық талаптарды түсіндіріп жүр. Жаңа ережелерге сәйкес, шығарындылар деңгейі төмен аймақтардың газдандырылған бөліктерінде өндірістік мақсатта көмір мен сұйық отынды пайдалануға шектеу енгізіледі.
"Eco Almaty" ЖШС мамандарының мәліметінше, түсіндіру жұмыстары кезінде кәсіпкерлік нысандарында қандай отын түрі пайдаланылатыны анықталады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына енгізілген жаңа талаптарға алдын ала дайындалу қажеттігі ескертіледі.
"Көмір, отын және сұйық отынды жаққан кезде ауаға түтін, күйе мен басқа да зиянды заттар таралады. Бұл жақын маңдағы тұрғын үйлердің ауасын ластап, тұрғындардың өмір сапасына кері әсер етуі мүмкін. Жаңа қағидаларда шығарындылар деңгейі төмен аймақтардың (LEZ) газдандырылған бөліктерінде өндірістік мақсатта қатты және сұйық отынды пайдалануға шектеу қарастырылған. Сондай-ақ атмосфераны ластайтын тұрақты көздерден бөлінетін зиянды заттарды тазартуға қатысты талаптар белгіленген, – делінген хабарламада.
Қағидалардың кейбір ережесі 2027 жылғы қаңтарда қолданысқа енгізіледі. Алайда оларды шығарындылар деңгейі төмен аймақтарда іс жүзінде қолдану үшін алдымен аймақтың шекарасы әкімдіктің жеке қаулысымен бекітілуге тиіс.
Осыған байланысты кәсіпкерлерге табиғи газға көшуді алдын ала жоспарлау, пайдаланатын жабдықтарының жағдайын тексеру және қажет болған жағдайда шығарындыларды тазарту жүйелерін орнату ұсынылады.
"Eco Almaty" мамандарының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қаланың әртүрлі аудандарында жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – кәсіпкерлерді жаңа экологиялық талаптарға дайындап, Алматыдағы атмосфералық ауаның ластануын азайту.
Айта кетейік, алдағы үш күнде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы әртүрлі болады.