Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың Монтеррей қаласында отандық өнерпаздармен бірге музыкалық импровизация жасады. Өнер иесі жергілікті жанкүйерлерінің өзіне арнаған тосынсыйына ерекше риза болғанын айтты.
Әнші бұл сәттің видеосын Instagram парақшасында жариялады. Кадрларда Димаш Темірлан Олжабай, Расул Усманов, Олжас Құрманбек және Ернат Наурызбен бірге ұлттық аспаптарда ойнап, би билегенін көруге болады. Бейнежазбадағы ерекше детальдардың бірі – музыканттардың артындағы қабырғаға салынған Димаштың муралы. Әнші мұндай сыйлықты күтпегенін айтып, мексикалық жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
"Монтеррей, сіздер мені сөзден айырдыңыздар! Осы әсем қаланың көшелерінің бірінде өз бейнемді муралдан көру – мен үшін үлкен сыйлық", – деп жазды өнер иесі.
Жарияланымға әлемнің әр түкпірінен тыңдармандар пікір қалдырған. Олар мексикалық жанкүйерлерге ерекше тосынсыйы үшін алғыс айтып, Димаштың испан тіліндегі әндерін де асыға күтетінін жеткізді.
Атап айтқанда, тыңдармандар әншіден Bésame Mucho және Historia de un Amor композицияларын студиялық нұсқада орындауды сұраған. Италия, Аргентина және басқа елдерден жазылған пікірлерде өнер иесіне деген сүйіспеншілік пен қолдау білдірілген.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл басынан бері көліктерге заңсыз орнатылған 595 жанармай багы анықталды.