Қазақстандықтарға мемлекеттік орган қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар хабарласып жүр

Қазақстандықтарға алаяқтар хабарласып жүр. Фото: Gov.kz
Қазақстандықтарға алаяқтар хабарласып жүр. Фото: Gov.kz
Қаржы нарығын реттеу агенттігі атынан ақша сұрайтын алаяқтар көбейген.

Қазақстандықтарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері болып таныстыратын алаяқтардан сақ болуға шақырды. Қаскөйлер азаматтардың ақшасын иемдену үшін түрлі сылтау айтып, алдын ала төлем талап етеді. Бұл туралы агенттік ескертті.

Агенттік мәліметінше, алаяқтар өздерін мемлекеттік органның қызметкерлері ретінде таныстырып, кейде оның нақты мамандарының аты-жөні мен лауазымдарын да пайдаланады. Осылайша азаматтарды ресми мекемемен байланыс орнатқанына сендіріп, қолма-қол ақша аударуға көндіреді.

Агенттік мұндай әрекеттерге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қызметкерлерінің аты-жөні мен лауазымын пайдалану ұсынылып отырған операциялардың заңдылығын білдірмейді әрі ақшаның қайтарылуына кепілдік бермейді. Сондай-ақ агенттікте ақша қайтару, қаржылық операциялар жүргізу немесе өтемақы алу үшін құрылған ресми Telegram-боттар жоқ. Қызметкерлер азаматтардан ақша қабылдамайды, инвестициялық өнімдер ұсынбайды және комиссия, инкассация ақысы немесе басқа да алдын ала төлем талап етпейді.

Агенттік делдалдар, бөтен аккаунттар мен Telegram-боттар арқылы ақша қайтарумен де айналыспайды. Бұған қоса, оның қызметкерлері қылмыстық істерді реттеу, тергеуді тоқтату немесе құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретін мәселелерді шешу өкілеттігіне ие емес.

"Агенттікке алдын ала тергеу, анықтау және жедел-іздестіру қызметін жүргізу өкілеттіктері берілмеген, сондай-ақ жеке тұлғаларға қатысты қылмыстық істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырмайды", – деп ескертті ведомство.

Азаматтарға қандай сақтық шаралары ұсынылды?

Агенттік алаяқтардың арбауына түспеу үшін қазақстандықтарға бірнеше кеңес берді. Атап айтқанда:

  • өзін Агенттік немесе басқа мемлекеттік орган қызметкері деп таныстырған адамға ақша аудармау;
  • қаражатты бұғаттан шығару, қайтару немесе аудару үшін сұралған комиссия мен өзге де төлемдерді төлемеу;
  • мемлекеттік органның ресми арнасы ретінде көрсетілген күмәнді Telegram-боттар мен аккаунттарға сенбеу;
  • жалған қылмыстық істер, тергеулер немесе өздеріне бекітілген агенттік қызметкерлері туралы хабарлаған адамдардың талаптарын орындамау;
  • ақпараттың шынайылығын тек ресми дереккөздерден тексеру;
  • жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін, құпиясөздер мен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу;
  • күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап ретінде ақша аудармау және мұндай жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.

Агенттік азаматтарды қырағы болуға шақырды. Ведомствоның қызметі туралы өзекті ақпарат ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.

Еске салайық, Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі тіркеліп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау