Онлайн-платформалар және масс-медиа туралы жаңа заң күшіне енгенге дейін ашылған 16 жасқа толмаған балалардың аккаунттары да жойылады. Алайда оларды өшіру тәртібі мен өтпелі кезеңнің мерзімі әзірге белгісіз. Бұл туралы Құрылтай депутаты Александр Данилов журналистерге берген жауабында айтты.
Заң жобасында 16 жасқа толмаған балаларға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салу ұсынылған. Ал мессенджерлерді жеке мақсатта пайдалану үшін ерекшелік қарастырылған.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң күшіне енгенге дейін ашылған аккаунттарды да жою жоспарланып отыр. Дегенмен бұл процестің нақты тәртібі мен өтпелі кезеңнің ұзақтығы әлі бекітілмеген. Қазір тиісті тетіктер жұмыс тобында талқыланып жатыр.
"Әрине, егер заңға сәйкес мұндай парақшалардың сақталуына рұқсат етілмесе, олар өшіріледі. Бұл – ең қатаң шара. Қазіргі уақытта жұмыс тобы аясында заң күшіне енгеннен кейін оның қалай қолданылатынына қатысты тетіктерді әзірлеп жатырмыз", – деді Александр Данилов.
Депутат заңды енгізу процесі біртіндеп жүзеге асуы керек екенін атап өтті.
"Біздің ұстанымымыз – өтпелі кезең мен заңды енгізу процесін барынша біртіндеп, айтарлықтай қиындықтар тудырмайтындай етіп жүзеге асыру", – деп түсіндірді ол.
Ал аккаунты өшірілген жасөспірім басқа жасты көрсетіп, қайта тіркелсе, оған қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі телефон нөмірін немесе құрылғыны нақты пайдаланушыға бекіту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Балалардың жасы қалай тексеріледі?
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин балалардың жасын анықтау үшін бірнеше тетік әзірленіп жатқанын айтқан еді. Олардың қатарында жасты растауға арналған цифрлық токен мен eGov сервисі бар. Бұл сервис арқылы ата-ана белгілі бір телефон нөмірін баласы пайдаланатынын көрсете алады. Сонымен қатар құрылғыны нақты бір балаға бекіту және қоғамдық орындарда, әсіресе мектептерде интернет-трафикті сүзгіден өткізу мәселесі талқыланып жатыр.
Ростислав Коняшкин бір ғана әдіс балалардың жасын анықтау мәселесін толық шеше алмайтынын айтып, кешенді шаралар қолдану қажеттігін атап өткен.
Александр Даниловтың сөзінше, заңды іске асыру тәртібі мен өтпелі кезеңнің мерзімі әлі талқыланады. Нақты ережелерді заң жобасының екінші оқылымына дейін пысықтау жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Бектенов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу туралы жауап берді