Өскеменде туған күнінде кәмелетке толмаған қызын ернінен сүйгені үшін қоғамның сынына қалған әке жазадан құтылды. Полиция оқиғаны тексеріп, ер адамның әрекетінен қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін анықтамаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Бір апта бұрын әлеуметтік желіде тараған бейнежазба көпшіліктің назарын аударды. Кадрларда 35 жастағы ер адамның 12 жастағы қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйгені көрінеді. Видео желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, кейбірі әкенің әрекетін қатаң сынға алды.
Тіпті желіде ер адамның бұл қылығын азғындыққа балағандар да болды. Кейін басы дауға қалған әке видеоға қатысты түсініктеме беріп, қызын ернінен емес, мұрнынан сүйгенін айтқан.
Полиция қандай қорытындыға келді?
Тәртіп сақшылары даулы бейнежазбаны жан-жақты тексерген. Нәтижесінде ер адамның әрекетінен қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталмаған. Сондықтан оны жауапқа тартуға негіз жоқ деген шешім қабылданған.