Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда пилоттық режимде енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі күтпеген заңбұзушылықтарды әшкереледі. Оқу-ағарту министрлігінің депутаттық сауалға берген ресми жауабына сүйенсек, балабақшаларда "жалған тәрбиеленушілер" мен әртүрлі өңірде бір баланың дерегін бірнеше рет қайталап тіркеу фактілері анықталған.
Мәселенің мән-жайы неде?
Бюджет қаржысын тиімді жұмсау және "ақша баламен бірге жүреді" қағидатын іске асыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба аясында тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылған болатын. Дәл осы тексеріс барысында мынадай өрескел сәйкессіздіктер белгілі болды:
- "жалған тәрбиеленушілер": Құжат жүзінде балабақшаға тіркелген, бірақ іс жүзінде бармайтын балалар анықталды;
- бір контингенттің қайталануы: Бір баланың дерегі еліміздің әртүрлі өңіріндегі бірнеше балабақшаның тізімінде қатар тұр. Яғни, бір бүлдіршін үшін мемлекеттен бірнеше жерден қаржы алу фактілері тіркелген.
Қазіргі таңда жоба операторы – "Қаржы орталығы" АҚ жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әрбір балабақшадағы балалардың нақты тізімін сүзгіден өткізіп, анықталған заңсыздықтарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында мектеп директоры мен орынбасары бюджет ақшасын жымқырған
Жалпы ваучерлік жүйе не үшін енгізілді?
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, бүгінде республикада 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 2 мен 6 жас аралығындағы 1,1 миллион бала тәрбиеленуде (5357 мемлекеттік балабақшада – 437 мың, 6853 жекеменшік балабақшада – 521 мың, мектепалды даярлық сыныптарында – 167 мың бала).
Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған пилоттық жоба еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданындағы 6,3 мың балабақшаны қамтып отыр. Бүгінге дейін 1,3 миллионнан астам ваучер берілді.
Жаңа жүйенің ата-аналарға беретін басты артықшылықтары:
- еркін таңдау: Ваучер тікелей балаға беріледі. Ата-ана мемлекеттік не жекеменшік екеніне қарамастан, бос орны бар кез келген балабақшаны таңдай алады;
- "күту парағы": Қалаған балабақшада орын болмаса, баланы сол ұйымның "күту парағына" тіркеп қоюға болады. Кезек келгенше бала уақытша басқа балабақшаға барып, тәрбиелену құқығын сақтайды.
"Оқу-ағарту министрлігі пилоттық жобаның нәтижелерін ескере отырып, тәрбиеленушілерді бір балабақшадан екіншісіне ауыстырудың жаңа мемлекеттік қызметін енгізуді жан-жақты қарастыруда. Бұл қызмет ауысу рәсімін барынша ашық етіп, баланың жеке қажеттіліктері мен ата-анасының қалауын ескеруге бағытталады. Пилоттық жоба толық қорытындыланған соң, ваучерлік қаржыландыру тетігі бойынша түпкілікті шешімдер қабылданбақ", – делінген министр Жұлдыз Сүлейменованың жауабында.
Астанада баласын балабақшаға кезексіз кіргізуге уәде берген әйел ұсталды
Мемлекеттік балабақша кезегіне тұру үшін ата-ана баласын жекеменшікке тіркеуге мәжбүр – депутат