"Яндекстің" Қазақстандағы бес компаниясына жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. Олар: "Яндекс Казахстан" ЖШС, "Yandex Bastau" ЖШС, "Яндекс. Такси Корп" ЖШС, "Яндекс. Еда Казахстан" ЖШС, "Яндекс LLP" ЖШС. Тексерулер қарашаның соңына дейін жүргізіледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев құрылтай депутатының сауалына берген жауабында айтты.
"Тексерулер шеңберінде дербес деректерді қорғау саласындағы, оның ішінде деректерді сақтауды оқшаулау және оларды қорғау бойынша қабылданатын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар бөлігінде заңнама талаптарының сақталуын жан-жақты және кешенді зерделеуді жүргізу жоспарлануда. Тексеру нәтижелері бойынша белгіленген талаптардың сақталуына баға беріледі, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою жөніндегі ұсынымдарды және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қарауды қоса алғанда, уәкілетті органның құзыреті шеңберінде тиісті ден қою шаралары қабылданады", – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, тексеру қорытынды бойынша ақпарат баспасөзде жарияланады.
Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда такси шақыру және курьерлік қызмет көрсетуге арналған Yandex Go сервистері жұмысын тоқтатты. Компания ақауға шетелдегі инфрақұрылымның істен шығуы себеп болғанын хабарлады.
Осы жағдайдан кейін депутат Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор мен министрлік басшысына үндеу жолдады. Ол дербес деректерді трансшекаралық тасымалдаудың заңдылығын және Қазақстанда оларды қорғау талаптарының сақталуын тексеруді ұсынды.
Яндекс жүйесіндегі ақауды пайдаланып, бағаны үш есе өсірген inDrive ескерту алды
"Яндекс" таксиі мен жеткізу қызметінде ақау шықты: министрлік түсініктеме берді