Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жалпы құны 510 миллион теңгеден асатын темекі мен вейп өнімдерін заңсыз әкелу әрекеттерінің жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет мәліметінше, 2026 жылғы қарашада Ақтөбе облысындағы "Әлімбет" автомобиль өткізу пунктінде шекарашылар 593 мың қорап темекіні заңсыз өткізу әрекетін анықтаған. Сонымен қатар Жамбыл облысындағы мемлекеттік шекара учаскесінде 13 960 дана вейп табылды.
Алдын ала есеп бойынша, тәркіленген темекі мен вейп өнімдерінің жалпы құны 510 миллион теңгеден асады.
Аталған фактілер бойынша материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді.