Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстандағы сақ қорғандарына зақым келгені туралы хабар тарады. Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешенінің қорғандарына зақым келтірілуі мүмкін екені туралы әлеуметтік желілерде таралған ақпаратқа байланысты ШҚО әкімдігі ресми мәлімдеме жасады.
"2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Кешен аумағында қазылған шұңқырларды "SRS" ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың жеке басы анықталып, материалдар полицияда тіркелді. Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу іздері фотоға және бейнеге түсіріліп, тиісті акт жасалды", – делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, қар жамылғысы қорғандардың жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады.
"Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды. Заң бұзушылық анықталса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнің алдын алу үшін ескерткіштерді бақылау күшейтіліп жатыр", – деп мәлімдеді ШҚО әкімдігінің өкілдері.
Археологиялық мұраны зерттеу мен сақтау жұмыстары Шілікті, Берел, Елеке сазы және Ақбауырда жинақталған тәжірибеге сүйеніп жалғасады. "Алтын адам", түркі қағанының бейнесі бар алтын әшекейлер мен ежелгі қоныстар өңір тарихының құнды айғақтары саналады. Алдағы жұмыста ескерткіштерді қорғауға, ғылыми зерттеулерді жалғастыруға, жәдігерлерді қалпына келтіріп, жұртшылыққа таныстыруға басымдық беріледі.
"Облыс әкімдігі қорғандардың табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мәселе келісу сатысында. Бұл бастама құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыруға, ғылыми зерттеулерге жағдай жасауға және өңірдің археологиялық мұрасын келер ұрпаққа тұтас жеткізуге бағытталған. Тарихи мұраға қол сұғуға жол берілмейді. Осы мәселеге қатысты барлық жұмыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында", – делінген ақпаратта.
Қазақстан облыстары қалай өзгерді? Әкімшілік бөліністердің қысқаша тарихы
Депутат Қазақстан тарихына қатысты жалған ақпаратқа жедел жауап беретін жүйе құруды ұсынды