Қазақстанда 21 қарашадан бастап балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Енді 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер бірыңғай базаға жинақталады. Ал сабақтан жүйелі түрде себепсіз қалатын оқушылар жөніндегі ақпарат ішкі істер органдарымен келісіліп, ай сайын жаңартылып отырады. Бұл туралы Алматы қаласының Білім басқармасы хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жергілікті білім басқармалары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды бірыңғай есепке алады. Мәліметтер Ұлттық білім беру базасы негізінде қалыптастырылады. Оған баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы енгізіледі.
"Базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, біліммен қамтылмаған және денсаулығына байланысты оқуға жатпайтын балалар туралы ақпарат енгізіледі. Сондай-ақ сабақтан дәлелді себепсіз жүйелі түрде қалатын оқушылар да есепке алынады. Сабаққа тұрақты қатыспайтын балалар туралы мәліметтер ішкі істер органдарымен ай сайын келісіледі. Ақпарат Ұлттық білім беру базасына әр айдың 10-на дейін енгізілуі керек. Өзгерістер мектептегі буллингтің алдын алу тәртібіне де қатысты. Енді білім саласындағы жергілікті атқарушы органға әлімжеттік туралы ақпарат түскеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеу міндеттеледі", – делінген хабарламада.
Мектептер буллингке қатысқан балаларға психологиялық қолдау көрсетуге тиіс. Ол үшін жәбірленген баланы әлеуметтік оңалту және әлімжеттік жасаған баланы әлеуметтік бейімдеу бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
"Егер мектепішілік есепке алынған баланың мінез-құлқында алты ай ішінде оң өзгеріс болмаса, тиісті материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі", – делінген хабарламада.
Жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, енді мұғалімдер ПББ тәртібін бұзса, біліктілік санаты бір жылға төмендейді.