Қазақстанда риелторлардың қызметіне қатысты талаптар күшейтілмек. Жаңа ережеге сәйкес, делдалдар өз қызметіне жүгінбеген әрі келісімшарт жасамаған азаматтардан комиссиялық сыйақы талап ете алмайды. Сондай-ақ риелторлық агенттіктерге ортақ талап қойылып, мамандардың жұмысы реттеледі, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Қазір тұрғын үй нарығында риелторлардың қызметіне қатысты шағымдар жиілеген. Баспана сатушылар мен сатып алушылардың бір бөлігі делдалдар негізсіз ақы талап ететінін айтса, енді бірі келісімшартта көрсетілген міндеттемелер орындалмайтынына шағымданады. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі мен Құрылтай депутаттары сала жұмысын реттейтін жаңа талаптар әзірлеп жатыр.
Риелторлардың жұмысына қандай талап қойылады?
ҚР Сауда және интеграция министрлігі басқарма басшысы Әділет Шәкірбайұлының айтуынша, жаңа ережеде риелторлармен жасалатын үлгілік шартқа ерекше назар аударылады. Онда көрсетілетін қызметтердің түрі, құны және маманға төленетін сыйақы мөлшері нақты жазылуы керек.
"Оның ішінде ерекше назар үлгілік шартқа аударылады. Аталған шартта қызмет көрсетудің құрамы, оның құны және риелторлардың сыйақы мөлшерін көрсету негізделген. Екіншісі – бірыңғай кәсіби талаптарды енгізу. Риелторлық саладағы ұлттық стандартты міндетті ету мәселесі пысықталады", – деді ол.
Бұдан бөлек, риелторлар арнайы тізімге енгізіліп, олардың кәсіби этикасын бақылауға арналған бірлестіктер құру жоспарланып отыр. Ал делдалдардың қызметіне жүгінбеген азаматтардан комиссиялық ақы талап етуге жол берілмейді.
Жаңа талаптар риелторлардың жұмысына қалай әсер етеді?
Тұрғын үй саудасымен айналысатын риелтор Айдос Мырзалының пікірінше, қазір саладағы мәселелердің бір себебі – тәжірибесі мен біліктілігі жеткіліксіз мамандардың көбеюі.
"Қазір екінің бірі риелторлық агенттік ашып кетті ғой. Мысалы, біреудің білімі болуы мүмкін, біреудікі жоқ болуы мүмкін. Біреу жай ақша үшін істеуі мүмкін, біреу шынымен де үй алып беруге көмектесейін деуі мүмкін. Жаңа заңнама орындалатын болса, кәсіби деңгейі жоғары компаниялар қалады", – дейді ол.
Жауапты ведомство әзірге жаңа талаптарды әзірлеп жатыр. Өзгерістер риелторлық қызметті біріздендіріп, мамандардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Дегенмен сарапшылар талаптардың күшеюі делдалдардың қызмет ақысын қымбаттатуы мүмкін екенін де айтады.
Айта кетейік, Алматы қаласының тұрғыны Қытайға 488 миллион теңгеге бағаланған алтынды заңсыз алып өтпек болған.