Мектептегі жаңа пәндер мен қатаң жаза: "Заң мен тәртіп" қағидаты қалай жүзеге асып жатыр

9 айда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Фото pexels.com сайтынан алынды
9 айда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Фото pexels.com сайтынан алынды
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстандық заңгер, қоғам қайраткері, Қазақстан Құрылтайының I шақырылым депутаты Аят Сүгірбай азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша мемлекеттік деңгейде қандай бағдарламалар жүзеге асып жатқанын түсіндірді. Сондай-ақ, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық, кибералаяқтық, вандализм секілді кейбір құқық бұзушылықтар үшін жазаның қатаңдатылуы қоғамдық тәртіпке қалай әсер еткенін әңгімеледі.

"Қазақстанда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 6 сәуірде Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар аясында азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, оқыту семинарларын өткізу, әдістемелік материалдар әзірлеу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық жұмыс жүргізу көзделген. Білім беру жүйесінде де құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық беріліп отыр. 2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде 5-7-сыныптарға "Конституция негіздері", 8-11-сыныптарға "Заң мен тәртіп" курстары енгізілді", – деді Аят Сүгірбай. 

"Басты мақсат – заң талаптарын сақтау мәдениетін нығайту"

Заңгердің пікірінше, бұл бастамалар оқушылардың өз құқығы мен міндетін білуіне, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар азаматтық қоғам ұйымдарымен бірлесіп құқықтық ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкіметтің 2026 жылғы 27 қазандағы отырысында жарияланған мәліметке сәйкес, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған 500-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірлердегі жобалық кеңселер арқылы азаматтарға құқықтық кеңес те берілуде. 

"Бұл шаралардың басты мақсаты – азаматтардың өз құқығы мен міндетін білуіне жағдай жасау, заң талаптарын сақтау мәдениетін нығайту және құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру. Соңғы жылдары Қазақстанда заңнаманы ізгілендірумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Негізгі мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, жәбірленушілерді қорғау тетіктері кеңейтілді", – деді Құрылтай депутаты. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз


Заңгер Аят Сүгірбайдың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кибералаяқтыққа қарсы күрес те жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда интернет-алаяқтық фактілері 40 пайызға азайған. Ал вандализмнің алдын алу мақсатында қоғамдық орындардағы бақылау күшейтіліп, 2026 жылдың басынан бері 12 мыңнан астам заңсыз граффити жойылған. Жалпы, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі қылмыс деңгейі 10 пайызға, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 19 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштерге жауапкершілікті күшейтумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары мен құқық қорғау органдарының жұмысы да ықпал етеді. 

"Заңнамалық өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда заңға құрмет мәдениетін нығайту. Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында жастардың құқықтық санасын қалыптастыру үшін дәстүрлі оқытумен қатар, интерактивті және тәжірибелік әдістер қолданылуда. Атап айтқанда, 2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде 5-7-сыныптарға "Конституция негіздері", 8-11 сыныптарға "Заң мен тәртіп" курстары енгізілді. Сонымен қатар "Құқық негіздері" пәнінің мазмұны жаңартылды. Оқушылар арасында құқықтық тақырыптағы дебаттар, олимпиадалар, іскерлік ойындар, сот процестерін модельдеу және құқықтық сауаттылыққа арналған кездесулер өтеді", – деді қоғам қайраткері. 

"Ең бастысы – заңды жаттату емес, оның күнделікті өмірдегі маңызын түсіндіру"

Құрылтай депутаты, мұнымен қатар, жоғары оқу орындарында құқықтық ағарту жұмыстары жүргізіліп, заң клиникалары арқылы студенттерге теориялық білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік жасалғанын тілге тиек етті. Бұл әдістер жастардың заң нормаларын меңгеріп қана қоймай, өз құқығын қорғауды, міндетін түсінуді және заң талаптарын сақтауды үйренуіне бағытталған.

"Бүгінгі таңда жастардың құқықтық санасын қалыптастыру – құқықтық мемлекетті дамыту мен қоғамда заң үстемдігін нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Құқықтық мәдениет заңды білумен ғана шектелмейді. Ол өз құқықтары мен міндеттерін түсінуді, заңды құрметтеуді және күнделікті өмірде оның талаптарын сақтауды қамтиды. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында дәстүрлі оқытумен қатар, жастардың құқықтық білімін тәжірибеде қолдануға үйрететін тиімді әдістерге басымдық беріліп отыр. Мәселен, мектептерде "Құқық негіздері" пәнімен қатар, құқықтық тақырыптағы пікірсайыстар, зияткерлік ойындар, түрлі құқықтық жағдаяттарды талдау, сот процестерін үлгілеу және мамандармен кездесулер ұйымдастырылады", – деді халық қалаулысы. 

Аят Сүгірбайдың пікірінше, мұндай іс-шаралар оқушылардың заң талаптарын теориялық тұрғыдан ғана емес, күнделікті өмірде қолдана білуіне мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындарында бұл жұмыс одан әрі тереңдетіліп,  студенттердің құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, студенттік заң клиникалары, сот процестерін модельдеу (Moot Court), нақты құқықтық жағдайларды талдау, ғылыми конференциялар мен пікірсайыстар арқылы жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасалады. Заң клиникаларында студенттер азаматтарға құқықтық кеңес беруді үйреніп, теориялық білімдерін нақты өмірлік жағдайларда қолдану тәжірибесін жинақтайды.

"Сонымен қатар, қазіргі цифрлық дәуірдің талаптарына сәйкес құқықтық ағартудың жаңа құралдары да маңызды орынға ие. Әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда заң талаптарын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу, құқықтық сауаттылыққа арналған бейнесабақтар, подкасттар, онлайн тесттер мен интерактивті викториналар әзірлеу – соның бір көрінісі. Бұл ретте жастарға интернетте жеке деректерін қорғау, кибербуллинг пен интернет-алаяқтықтан сақтану, цифрлық қауіпсіздік ережелерін ұстану жолдарын үйретуге ерекше көңіл бөлінеді", – деді заңгер. 


Оқи отырыңыз: "Бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсетеді". Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-ға қатысты мәлімдеме жасады 


Ары қарай Аят Сүгірбай академиялық адалдықты сақтау, өзгенің құқықтарын құрметтеу және заң алдындағы жауапкершілікті сезіну мәдениетін қалыптастыру да назарда екенін алға тартты. Сондай-ақ, Қазақстанда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында осындай жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

"Мәселен, Үкіметтің 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында пікірсайыстар, олимпиадалар, іскерлік ойындар өткізу, "Жас заңгер" клубтарын ашу және жоғары оқу орындарындағы заң клиникаларының жұмысын дамыту көзделген. Дегенмен, менің пікірімше, жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда ең бастысы – заңды жаттату емес, оның күнделікті өмірдегі маңызын түсіндіру. Әр жас өз құқығы бұзылған жағдайда қайда жүгіну керек екенін, өзгенің құқығын бұзса қандай жауапкершілікке тартылатынын және заң талаптарын не үшін сақтау қажет екенін білуі тиіс. Сондықтан бұл міндетті тек мектептер мен жоғары оқу орындарына жүктеуге болмайды. Оған отбасы, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, сот жүйесі мен азаматтық қоғам институттары бірлесе атсалысуы қажет. Өйткені заңды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – құқықтық білім берудің ғана нәтижесі емес, бүкіл қоғамның құқықтық мәдениетін арттырудың да негізі", – деді Аят Сүгірбай.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау