Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл өзгеріс 2027 жылғы республикалық бюджет жобасында қарастырылған. Құрылтай депутаттары 18 қарашада "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын екінші және үшінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, 2027 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға бюджет шығыстары қосымша 114,1 млрд теңгеге ұлғаяды.
Бұл қаражат мына бағыттарға жұмсалады:
- ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруге – 75,9 млрд теңге;
- алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыруға – 20 млрд теңге;
- орта білім беру саласына жасанды интеллект енгізуге – 600 млн теңге;
- өзге де шығындарға – 17,6 млрд теңге.
Бұдан бөлек, президенттің жекелеген тапсырмаларын орындауға тағы 101,5 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде:
- Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға – 34,5 млрд теңге;
- шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту мен техникалық жабдықтауға – 21,9 млрд теңге;
- "Балқаш" атом электр станциясы бойынша іздестіру жұмыстарына – 16,2 млрд теңге;
- Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің штат санын арттырып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 5,5 млрд теңге;
- басқа да бағыттарға – 26,6 млрд теңге.
Депутаттар өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлу туралы ұсыныстарды да қолдаған. Бұл қаражаттың 28,1 млрд теңгесі жылу, газ және электрмен жабдықтау салаларына, 4,9 млрд теңгесі сумен қамтуға, 2,5 млрд теңгесі денсаулық сақтау нысандарына бағытталады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға – 6,5 млрд теңге, әуе көлігін дамытуға – 2,5 млрд теңге, Төтенше жағдайлар министрлігі нысандарына 2,5 млрд теңге бөлінеді.
Қосымша қаржыландыру көздері ретінде президент пен үкімет резервтері, сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарын қысқарту қарастырылған. Бюджетті тиімді әрі сапалы орындау үшін мемлекеттік органдар арасында 135,5 млрд теңге қайта бөлінген.