Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
"Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамыту қажет.
"Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру мақсаты туралы айтты