Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студент өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Оқиғадан соң университет басшылығы шұғыл шаралар қабылдаған: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды.
"Жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілуде. Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Қазіргі таңда барлық жатақханаларда кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілді", – делінген ресми мәлімдемеде.
Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі.
"ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 16 қарашада әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарап, университеттің баспасөз қызметі бұл мәліметті растады. Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды.
Қазір істің толық, жан-жақты әрі объективті тергелуін қамтамасыз етуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз:
- Алматыда ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті қайтыс болды. Күдікті ұсталды
- ҚазҰУ-да не болып жатыр? Ұстаздар уәжі мен университет жауабы