Айжан Аймағанова: Цифрлық жүйелер арқылы отбасындағы зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтауымыз керек

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова. Фото: Мақсұт Нәрікбаев Университеті сайтынан алынды
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова. Фото: Мақсұт Нәрікбаев Университеті сайтынан алынды
Заңгер мыңнан астам азаматқа тегін көмек көрсеткен "Құқықтық дәріхана" жобасы туралы айтты.

Елде заң үстемдігін орнату мен азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру мәселесі бүгінде күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кибералаяқтықтың алдын алу және жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Құрылтай депутаты, заңгер Айжан Аймағанова Informburo.kz тілшісіне мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, заңнамадағы соңғы өзгерістер және қоғамдық қауіпсіздік туралы өз ойын айтты

Құқықтық сауаттылық және мемлекеттік бастамалар

Айжан Аймағанова елімізде vемлекет басшысы бастамашы болған "Заң мен тәртіп" қағидаты бүкіл қоғамға ортақ басты құндылыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған "Халық заңгері" секілді ауқымды жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Спикер өзінің прокуратура органдарында қызмет еткен кезеңін еске алып, тұрғындармен жиі жүздесіп, тікелей құқықтық көмек көрсеткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол өз бастамаларымен "Құқықтық дәріхана" жобасын ұйымдастырып, мыңнан астам азаматқа тегін кеңес бергендерін тілге тиек етті. Депутаттың пайымдауынша, халықтың басым бөлігі өз құқығын жетік білмегендіктен түрлі қиындықтарға тап болады, ал кейде мәселені шешу үшін заң нормаларын қарапайым тілмен түсіндіріп берудің өзі жеткілікті.

"Ең алдымен, Мемлекет басшысы көтерген "Заң мен тәртіп" қағидатын атап өткім келеді. Бұл – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, бүкіл қоғамға ортақ құндылық. Елімізде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – "Халық заңгері" жобасы. Мен прокуратурада жұмыс істеген кезде халықпен жиі кездесіп, құқықтық көмек көрсеттім. Өзіміз де "Құқықтық дәріхана" жобасын ұйымдастырдық. Мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес бердік. Сол кезде бір нәрсеге көзім жетті. Көптеген азамат өз құқығын білмегендіктен, түрлі қиындыққа тап болады. Кейде мәселені шешу үшін адамға заңды қарапайым тілмен түсіндіріп беру жеткілікті", – деді Айжан Аймағанова.

Халық қалаулысы бүгінде депутаттық қызметі аясында да азаматтармен тұрақты жүздесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді жіті бақылап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, заңгер өзі мүшелік ететін "Әділет" партиясы үшін заң үстемдігі мен азаматтардың құқығын қорғау басты басымдық екенін баса айтты. Депутат құқықтық мәдениеттің тек өз құқығыңды білумен шектелмей, өзгелердің де құқығын сыйлау мен міндеттерді орындаудан тұратынын түсіндірді. Оның пікірінше, азаматтар заңды жазадан қорыққаннан емес, оның әділдігіне сенгендіктен сақтауы тиіс, ал ол үшін мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайту қажет.


Оқи отырыңыз: Әйелге күш көрсету ғана емес: Бишімбаев соты бетін ашқан бес мәселе


"Қазір депутат ретінде де азаматтарды қабылдап жүрмін. Олардың мәселелерін тыңдаған сайын құқықтық сауаттылықтың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Біздің "Әділет" партиясы үшін де заң үстемдігі, әділдік және азаматтардың құқықтарын қорғау – басты құндылықтардың бірі. Бірақ құқықтық мәдениет тек өз құқығыңды білумен шектелмейді. Ол – заңды құрметтеу, өз міндетіңді түсіну және басқа адамның құқығын сыйлау. Менің ойымша, заңды жазадан қорыққандықтан емес, оның әділдігіне сенгендіктен сақтауымыз керек. Ал ол үшін ең алдымен адамдардың заңға және мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру қажет", – деді заңгер.

"Жазаның қатаң болуы қылмыстың азаятынына кепілдік бермейді"

Айжан Аймағанова заңнаманы ізгілендіру мен белгілі бір қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту шараларының өзара қайшы келмейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, заң ең алдымен әділ болып, қоғамға аса қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарға жеңіл жаза қолданылуы керек. Алайда адамның өміріне, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге қатысты жауапкершілік барынша қатаң болуы шарт екенін жеткізді. Сонымен қатар, спикер жазаны қатаңдатудың өзі қылмыс деңгейін толық төмендетуге кепілдік бермейтінін ашық айтты. 

"Менің ойымша, заңнаманы ізгілендіру мен жауапкершілікті күшейту бір-біріне қайшы келмейді. Заң әділ болуы керек. Қоғамға аса қауіпті емес құқық бұзушылықтар үшін жеңілірек жаза қолдануға болады. Ал адамның өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер үшін жауапкершілік қатаң болуы тиіс. Бір нәрсені жақсы білемін. Жазаның қатаң болуы қылмыстың азаятынына кепілдік бермейді. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл – дұрыс шешім. Бірақ біз зорлық-зомбылықтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлуіміз керек", – деді Айжан Аймағанова.

Халық қалаулысы қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты заңнамалық ұсыныстарды пысықтап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, басты бастамалардың бірі – заманауи цифрлық жүйелердің көмегімен отбасындағы зорлық-зомбылық қаупін ерте кезеңде анықтау. Депутат қоғам мен құзырлы органдар қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана салдарымен күреспеуі тиіс екенін ескертті. Спикердің пайымдауынша, қылмыстың алдын алу тетіктері дер кезінде іске қосылуы аса маңызды. Ол кез келген азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген сәтте мемлекет оны қорғауға міндетті екенін нықтап айтты.


Оқи отырыңыз: Прокурор Бишімбаевқа: Сүйгеніңіз осы ма? Неге бірден жедел жәрдемге емес, балгерге хабарластыңыз?


"Мен қазір осы бағытта нақты ұсыныстарды қарастырып жүрмін. Соның бірі – цифрлық жүйелер арқылы отбасындағы зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтау. Өйткені біз қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана әрекет етпеуіміз керек. Адамға қауіп төнген кезде мемлекет оны қорғауға міндетті", – деді Құрылтай депутаты.

Айжан Аймағанова соңғы уақытта ел ішінде белең алған кибералаяқтық мәселесінің аса өзекті екеніне назар аударды. Ол алаяқтардың арбауына түскен азаматтардың жылдар бойы тірнектеп жинаған қаражатынан айырылып жатқанын қынжыла жеткізді. Спикер бұл салада да тек жазаны күшейтумен шектелмей, халықты интернет-алаяқтардан қорғаудың тиімді жолдарын табу керектігін айтты. Сонымен қатар, депутат қоғамдық мүлікке зиян келтіретін вандализм әрекеттерін бүкіл қоғамға деген құрметсіздік деп бағалады. 

"Кибералаяқтық мәселесі де өте өзекті. Адамдар жылдар бойы жинаған қаражатынан айырылып жатыр. Мұнда да тек жазаны күшейту жеткіліксіз. Азаматтарды алаяқтардан қорғаудың тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ал вандализмге келсек, қоғамдық мүлікке зиян келтіру – қоғамға деген құрметсіздік. Әр адам өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Біздің "Әділет" партиясының ұстанымы – осы. Заң бәріне бірдей болуы керек. Ал жаза әділ әрі жасалған әрекетке сай болуы тиіс", – деді заңгер.

Депутат "Әділет" партиясының Жастар қанаты республика көлемінде "Вандализмге жол жоқ!" атты ауқымды акцияны жүйелі түрде жалғастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама тарихи-мәдени мұраларды қорғауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және бұзақылықтың алдын алуға бағытталған. 

"Айта кетерлік жайт, "Әділет" партиясының Жастар қанаты еліміз бойынша "Вандализмге жол жоқ!" ауқымды акциясын жалғастырып келеді. Тарихи мұраны қорғауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және вандализмнің алдын алуға бағытталған бастамаға осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам белсенді жас қатысты. Акция еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласын қамтыды", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек 


Айжан Аймағанова бұл бастаманың Мемлекет басшысының вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту тапсырмасы аясында қолға алынғанын жеткізді. Оның сөзінше, жастардың белсенділігі "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық жобасының негізгі мақсаттарымен толық үндеседі. 

"Мемлекет басшысының вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған бұл бастама "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасының мақсаттарымен де үндеседі. "Әділет" жастары бұл жұмысты бір реттік шарамен шектемей, тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бүгінге дейін 100-ге жуық тарихи-мәдени нысан мен қоғамдық орынды ретке келтірді. Мен үшін ең маңыздысы – қанша адам жазаланғаны емес, қанша қылмыстың алдын алғанымыз. Өйткені мемлекеттің басты міндеті – адамды жазалау емес, ең алдымен оның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау", – деді заңгер.

Заңгер Айжан Аймағанова. Фото: Мақсұт Нәрікбаев Университеті сайтынан алынды

"Балаларға заңды кітаптан үйрету жеткіліксіз. Оларға күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды түсіндіру қажет"

Айжан Аймағанова балаларға құқықтық тәрбие беруді ерте жастан бастау керектігін алға тартты. Ол қазіргі таңда мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі құқықтық сабақтар, кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Алайда депутат өскелең ұрпаққа заң нормаларын тек құрғақ теория мен кітап арқылы үйрету жеткіліксіз екенін жеткізді. Оның пікірінше, балаларға күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайларды, соның ішінде буллинг пен жеке деректерді қорғау мәселелерін қарапайым мысалдармен түсіндіру қажет. 

"Құқықтық тәрбиені бала кезден бастау керек. Қазір мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі құқықтық сабақтар, кездесулер, пікірталастар өткізіліп жатыр. Бірақ меніңше, балаларға заңды тек кітап арқылы үйрету жеткіліксіз. Оларға күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды түсіндіру қажет. Мысалы, буллинг деген не? Біреуді қорлауға бола ма? Әлеуметтік желіде басқа адамның суретін рұқсатсыз жариялауға бола ма? Интернеттегі алаяқтардан қалай қорғануға болады? Балалар осындай сұрақтардың жауабын білуі керек", – деді Айжан Аймағанова.

Спикер бұған дейін жастармен жиі кездескенін еске алып, оларға заң талаптарын нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндіргенде ақпаратты әлдеқайда жақсы қабылдайтынын байқағанын айтты. Ол бүгінгі таңда балалардың күнделікті өмірі ғаламтормен тығыз байланысты екенін ескере отырып, олардың цифрлық қауіпсіздігіне айрықша назар аудару қажеттігін жеткізді. Депутат өз қызметінде де балалардың құқықтарын қорғау, әсіресе интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей айналысып жүргенін мәлімдеді. 


Оқи отырыңыз: Egov қосымшасында "Заң мен Тәртіп" жаңа цифрлық сервисі іске қосылды


"Мен жастармен жиі кездесетінмін. Сонда байқағаным, нақты өмірден алынған мысалдар арқылы түсіндіргенде балалар заңды жақсы қабылдайды. Қазір балалардың өмірі интернетпен тығыз байланысты. Сондықтан олардың цифрлық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударуымыз қажет. Мен депутат ретінде де балалардың құқықтарын қорғау, оның ішінде интернеттегі қауіпсіздігі мәселелерімен айналысып жүрмін. Біздің "Әділет" партиясы үшін де жастардың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру маңызды", – деді депутат.

Айжан Аймағанова өзінің үш баланың анасы екенін айтып, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелердің өзіне өте жақын әрі етене таныс екенін жеткізді. Оның пікірінше, ата-аналар балаларына сапалы білім берумен қатар, олардың бойына адалдық, жауапкершілік және өзгелерге құрметпен қарау секілді асыл қасиеттерді сіңіруі тиіс. 

"Мен өзім үш баланың анасымын. Сондықтан бұл мәселе маған өте жақын. Біз балаларымыздың жақсы білім алғанын қалаймыз. Бірақ біліммен бірге оларға адалдықты, жауапкершілікті және басқа адамдарға құрмет көрсетуді де үйретуіміз керек. Бала өз құқығын ғана емес, өз әрекеті үшін жауап беретінін де түсінуі тиіс. Менің ойымша, құқықтық мәдениет ең алдымен отбасынан басталады. Өйткені бала біздің айтқанымыздан бұрын, істеген ісімізге қарап үйренеді", – деп қорытты сөзін Айжан Аймағанова.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау