Маңғыстау облысының жағалауында кездесетін теңіз көксеркесін көбею кезеңінде қорғау қажет. Бұл туралы Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, "Эко Маңғыстау" ҮЕҰ директоры Кирилл Осин мәлімдеді.
Кирилл Осин бұл мәселені жергілікті тұрғынның өтінішінен кейін көтерген. Әуесқой балықшы көктемде уылдырығы бар көксеркенің көп ауланатынына алаңдайтынын жеткізген.
Оның айтуынша, бұл жерде кәдімгі көксерке емес, теңіз көксеркесі (Sander marinus) туралы айтылып отыр. Жергілікті балықшылар оны тас көксерке деп те атайды. Бұл балық теңіз түбіндегі тасты жерлерді мекендейді, өзендерде болмайды. Қазақстанда тек Маңғыстау облысының Каспий жағалауында кездеседі.
Кирилл Осиннің мәліметінше, теңіз көксеркесі сәуір-мамыр айларында таяз, тасты жерлерге уылдырық шашады. Алайда балық аулау маусымы 16 наурызда басталады. Яғни балықтың көбею кезеңі басталғанда оны аулауға мүмкіндік бар. Ал теңіз көксеркесінің уылдырық шашатын уақытын немесе мекендейтін аумағын қорғауға арналған арнайы шектеулер жоқ.
Тағы бір мәселе – бұл балықтың Каспийдегі нақты саны белгісіз. Оның қоры толық зерттелмеген, ал аулауға рұқсат етілген балық көлемін есептегенде теңіз көксеркесі жеке түр ретінде қарастырылмайды.
Осыған байланысты Кирилл Осин 2027 жылы теңіз көксеркесінің қорын зерттеп, уылдырық шашатын жерлерін анықтауды ұсынды. Зерттеу нәтижесінде балықты қай уақытта және қай аумақта қорғау керектігін белгілеу қажет. Сонымен қатар ауланған теңіз көксеркесін жеке есепке алып, көбею кезеңінде балықшыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылауды күшейту керек.
"Әңгіме балық аулауға толық тыйым салу туралы емес. Әңгіме балықты көбею кезеңінде ғылыми деректерге сүйене отырып, ақылға қонымды түрде қорғау туралы болып отыр", – деп жазды Кирилл Осин.
Алакөл, Каспий, Бурабай. Қазақстанда шетелдіктерге арналған казино ашылатын аумақтар белгіленді