Қоғамның қарқынды дамуы, цифрландыру, жаһандану және әлеуметтік желілердің ықпалы қазақ тілінде жаңа тілдік құбылыстардың пайда болуына әсер етіп жатыр. Соның ішінде жаңа сөздердің көбеюі, бірнеше тілдің элементтерін араластырып сөйлеу және жазба тілде ауызекі сөйлеу ерекшеліктерінің жиі қолданылуы бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бас директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты.
Ғалымның сөзінше, әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына байланысты қазақ тілінде жаңа атаулар пайда болып жатыр. Әлеуметтік желілерге қатысты да жаңа сөздер қалыптасып, олардың бір бөлігі қазақ тілінің заңдылықтарына бейімделуде.
"Қазір қазақ тілінде көптеген жаңа тілдік құбылыстар жүріп жатыр. Бұл – қоғамның қарқынды дамуымен, цифрландырумен, жаһанданумен, әлеуметтік желілердің ықпалымен және көптілді ортаның әсерімен байланысты үдеріс. Ең алдымен, жаңа сөздер мен ұғымдар көбейді. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына байланысты соңғы жылдары тілімізге көптеген жаңа атаулар енді. Әлеуметтік желілерге қатысты да жаңа сөздер пайда болды. Олардың қазақша баламалары жасалып, кейбір кірме сөздер тіліміздің заңдылықтарына бейімделіп жатыр. Мысалы, "чатқа кіру", "пост өшіру", "лайктау" деген қолданыстарды айтуға болады. Мұндай сөздер қазақ тілінің грамматикалық жүйесіне ғана емес, дыбыстық ерекшеліктеріне де икемделіп келеді", – деді Құралай Күдеринова.
Сонымен қатар ғалым қазіргі көптілді ортаның әсерінен код ауыстыру құбылысы жиілегенін атап өтті. Бұл – адамның бір сөйлем немесе әңгіме барысында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің элементтерін араластырып қолдануы. Кей жағдайда сөйлеуші бір тілден екінші тілге қалай ауысқанын өзі де байқамай қалады.
Профессордың айтуынша, тілде жаңа ауыспалы мағыналар да пайда болып жатыр. Әзірге олардың көбі бейресми әрі экспрессивті сипатта қолданылғанымен, уақыт өте келе кейбірі әдеби тілдің құрамына енуі мүмкін.
Тағы бір өзгеріс әлеуметтік желілердің жазба тілге ықпалынан байқалады. Қазір жазбаша мәтіндерде ауызекі сөйлеуге тән ерекшеліктер жиі кездеседі. Сөздерді қысқартып жазу, дыбыстарды созып көрсету, эмоцияны түрлі таңбалар арқылы жеткізу және бас әріптерді ерекше мән беру үшін пайдалану кең таралған. Сондай-ақ бір мәтіннің ішінде кирилл және латын әліпбилерін араластырып жазу да кездеседі.
"Әлеуметтік желілердің әсерінен жазба тіл мен ауызша тілдің арасы да жақындай түсті. Қазір жазбаша мәтіндерде ауызекі сөйлеуге тән ерекшеліктер жиі кездеседі. Сөздерді қысқартып жазу, дыбыстарды созып айту, эмоцияны түрлі таңбалар арқылы жеткізу, бас әріпті ерекше мән беру үшін қолдану – соның мысалы. Тіпті бір мәтіннің ішінде кирилл және латын әліпбилерін араластырып жазу да кездеседі. Осылайша, әлеуметтік желіде өзіндік цифрлық жазу стилі қалыптасып келеді", – деді ол.
Құралай Күдеринова орфографиялық нормаға қатысты да ала-құлалық бар екенін айтты. Оның сөзінше, бір сөздің бірнеше нұсқада жазылуы, жарыспалы қолданыстардың көбеюі жиі кездеседі. Тіпті кейбір қате нұсқалардың дұрыс деп танылуы да байқалады.
Дегенмен ғалым бұл өзгерістердің барлығын тілдің бұзылуы деп бағалауға болмайтынын атап өтті.
"Дегенмен, осы құбылыстардың бәрін тілдің бұзылуы деп бағалауға болмайды. Бұл – тілдің қоғамдағы жаңа жағдайларға бейімделу үдерісі. Олардың кейбірі уақытша қолданыс болуы мүмкін, ал кейбірі бірте-бірте тұрақты нормаға айналады. Тілдік қолданыстың нормаға айналуы үшін оның белгілі бір уақыт бойы тұрақты қолданылуы, көпшілікке түсінікті болуы және қазақ тілінің ішкі жүйесіне сәйкес келуі маңызды. Сондықтан бүгін пайда болған әрбір жаңа сөзді немесе қолданысты бірден дұрыс не бұрыс деп бағалауға асықпаған жөн. Қазір тілдегі өзгерістерді байыппен бақылап, ғылыми тұрғыдан саралайтын кезеңде тұрмыз", – деді профессор.
"Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді". Тоқаевтың құрылтайда сөйлеген сөзінің толық мәтіні