Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) арнайы құрметті белбеуімен марапатталды. Рәсім 19 қарашада Мексиканың астанасы Мехикода өтті.
WBC өкілдері әншіні халықаралық деңгейдегі жетістіктері және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттаған. Марапатты Қазақстанның WBC-дегі өкілі Әлихан Жарылғапов пен ұйым өкілдері Эктор Сулейман, Хосе Антонио Арреола Сулейман және Виктор Сильва табыстады.
Димашқа құрметті белбеу беру туралы ұсынысты WBC президенті Маурисио Сулейманның өзі жасаған. Алайда ол денсаулығына байланысты рәсімге қатыса алмаған.
"Біз мұндай белбеуді өте сирек табыстаймыз. Димаш – ерекше адам, музыка әлемінің аңызы. Ол әлемдік деңгейде мойындалды. Көпшілік оны музыкасы мен ұстанған құндылықтары үшін жақсы көреді. Сондықтан оған осы белбеуді табыстауды жөн көрдік", – деді WBC өкілдері.
Кездесу барысында тараптар спорт пен музыканың халықтарды жақындастырудағы рөлін, сондай-ақ Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы аясындағы қызметін талқылаған.
Бұл – чемпиондық титул емес, арнайы марапат
WBC-дің жасыл белбеуін әр жылдары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Джонс және Флойд Мейвезер секілді танымал боксшылар иеленген. Қазақстандық Геннадий Головкин де осы ұйымның орта салмақтағы әлем чемпионы болған. Дүниежүзілік бокс кеңесі спорттан тыс салаларда жетістікке жеткен тұлғаларды да арнайы марапаттап келеді. Олардың қатарында Нельсон Мандела мен Түрки әл аш-Шейх бар.