Таразда Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 72 сарбаздың құрметіне орнатылған мемориал бүлінді. Белгісіз біреулер тарихи ескерткіштің мәрмәр тақтасын қиратып кеткен. Қазір полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды іздестіріп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Оқиға Қарасу ауданындағы ескі зиратта болған. Белгісіз адамдар мемориалға күш қолданып, мәрмәр тасты тоқпақпен ұрып сындырған. Соның салдарынан тарихи нысанға айтарлықтай зақым келген.
Бұл жерде Жамбылдағы эвакуациялық госпитальда қайтыс болған 72 жауынгер жерленген. Бір қызығы, мемориал бір ай бұрын ғана жөндеуден өтіп, жаңартылған болатын. Оқиғаға байланысты Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолдаған.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлованың айтуынша, аталған дерек бойынша ескерткіштерді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз", – деді ол.