Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті "Ғылым қорынан" бөлінген грант қаражатын жымқырды деген күдікпен екі адамды ұстады. Олардың бірі – грант иегері жеке кәсіпкер, екіншісі – Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметкері, деп хабарлайды ҚМА.
ҚМА мәліметінше, күдіктілер ғылымды коммерцияландыруға арналған қаражатты мақсатсыз пайдаланған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер "Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру" жобасын жүзеге асыру үшін "Ғылым қорынан" 350 млн теңгеге дейін қаржыландыру алуға грант ұтып алған.
"Алайда кәсіпкер жобаны іске асырып жатқандай көрініс жасап, бөлінген ақшаны өзі бақылайтын компаниялардың есепшоттарына аударған. ҚМА қызметкерлері сатып алынған тот баспайтын жабдықтарды тексеріп, олардың сапасыз екенін анықтаған. Соның салдарынан жоба аясында өнім өндірілмеген", – делінген хабарламада.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл іске Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметкері де көмектескен. Тергеу дерегіне сәйкес, жеке кәсіпкер оған көрсеткен көмегі үшін 1,7 млн теңге берген. Осы әрекеттер салдарынан мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келген.
Қазір екі күдікті де қамауда. Сот санкциясымен олардың алты көлігіне, бір пәтеріне және сапасыз жабдықтарына тыйым салынған.
Еске салайық, Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері 346 500 теңгеге дейін өседі. Алайда төлем алты ай емес, ең көбі үш ай ғана беріледі.