Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері 346 500 теңгеге дейін өседі. Алайда төлем алты ай емес, ең көбі үш ай ғана беріледі, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Жұмыссыз қалған азамат алдымен мансап орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Биыл 1 қазаннан бастап бұл рәсімнің мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Осы уақыт ішінде мамандар азаматтың тәжірибесі мен біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, оған ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Осыдан кейін ғана әлеуметтік төлем алуға өтініш беруге болады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі Ерлан Мұқанның айтуынша, жұмысынан айырылғандарға берілетін төлемнің мерзімі бастапқыда төрт ай болған. Кейін COVID-19 пандемиясына байланысты жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау үшін алты айға дейін ұзартылған. Енді елдегі жағдай тұрақталғандықтан, бұрынғы мерзімге қайта оралу туралы шешім қабылданған.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
2027 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем ең көбі үш айға тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табыстың 45 пайызына тең болады. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Соған байланысты жұмысынан айырылғандарға берілетін төлемнің ең жоғары шегі де 346 500 теңгеге жетеді. Дегенмен әр азамат алатын нақты сома оның бұрынғы табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.
Экономист Жангелді Шымшықов төлем мерзімінің алты айдан үш айға қысқаруы жұмыссыз қалған азаматтардың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, қолдау мерзімінің екі есе азаюы халықтың қаржылық жағдайын қиындатады. Экономист шетел тәжірибесін де мысалға келтіріп, АҚШ-та жұмыссыздарға жұмысқа орналасқанға дейін төлем жасалатынын атап өтті.
Мамандар бұл әлеуметтік көмекті тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар ала алатынын ескертеді. Яғни жұмыссыз қалу төлем тағайындауға өздігінен негіз болмайды. Азаматтың атынан бұған дейін әлеуметтік аударымдар жасалған болуы керек.