Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің қор нарығындағы дағдарысқа қатысты тергеу аясында 136 адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдікке ілінген 500 адамның 285-іне сот бақылауы шаралары қолданылған.
"Түркия экономикасы мен капитал нарығына қарсы ұйымдасқан заңсыз әрекеттерге барғандар бірінен соң бірі жауапқа тартылып жатыр. Тергеу барынша мұқият жүргізіліп жатыр", – деді Ердоған биліктегі әділет және даму партиясы фракциясының парламенттегі отырысында. Оның сөзін TRT Haber телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.
Екі күн бұрын Ыстанбұл прокуратурасы Түркияның Банк қызметін реттеу және қадағалау агенттігінің бұрынғы басшысы Шахап Кавджыоғлуға қатысты тергеу жүргізу қажеттігін мәлімдеген. Түрік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаржы министрі Мехмет Шимшек өткен аптада қызметінен кеткен Кавджыоғлуға қатысты алдын ала тексеру бастауды министрліктің инспекциялық басқармасына тапсырған.
Түркияның қор нарығындағы дағдарыс 16 қыркүйекте Ыстанбұл биржасындағы акциялар бағамының күрт төмендеуінен кейін басталды. Сауда-саттық уақытша тоқтатылып, билік тергеу жүргізуге кірісті.
Тергеу нұсқасы бойынша, бірнеше инвестициялық қор мен басқарушы компанияның өтімділік тапшылығына тап болуына байланысты нарықта дүрбелең әдейі ұйымдастырылған. Осы оқиғаға байланысты Ыстанбұл прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
Капитал нарығы туралы заңды бұзды деген айыппен 2016-2018 жылдары Түркияның отбасы және әлеуметтік саясат жөніндегі министрі болған Фатма Бетүл Саян Кайя қамауға алынған. Сонымен қатар Банк қызметін реттеу және қадағалау агенттігінің екі жоғары лауазымды өкілі мен Ыстанбұл биржасының басшысы да қамауға алынған.
Биліктің шешімімен елдегі 131 инвестициялық қордың қызметі тоқтатылды.
Qoja Ahmet Yasaui: Ердоған жаңа орденнің алғашқы иегері атанды