Жаңа рекорд: Ғалымдар адам бауырын ағзадан тыс жерде 7 аптаға дейін тірі сақтаудың жолын тапты

Ғалымдар адам бауырын денеден тыс 7 апта бойы тірі сақтады. Фото: зерттеушілердің мұрағатынан
Ғалымдар адам бауырын денеден тыс 7 апта бойы тірі сақтады. Фото: зерттеушілердің мұрағатынан
Бұған дейінгі рекорд Швейцарияда тіркеліп, бауыр небәрі 2 апта сақталған еді.

Аустралиялық ғалымдар адам бауырын арнайы аппаратта жеті апта бойы тірі күйінде сақтап, әлемдік рекорд орнатты. Бұл биомедициналық инженерияда тың мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл туралы technologyreview.com сайты жазды. 

Сидней университетінің профессоры, хирург Карло Пулитано бастаған топ донорлық бауырды автоматтандырылған сорғылар мен датчиктер жүйесіне қосқан. "Жасанды денеге" теңелген бұл құрылғы ағзаны қан және қоректік заттармен қамтамасыз етіп, зат алмасу қалдықтарын шығарып отырған. Нәтижесінде бауыр дененің қалыпты температурасында (37 °C) 7 апта жұмыс істеген. Бұған дейінгі рекорд Швейцарияда тіркеліп, бауыр небәрі 2 апта сақталған еді.

Әдетте донорлық ағзалар мұз салынған контейнерде бірнеше сағат қана жарамды болады. Ал сұйықтық айдайтын перфузиялық жүйелер бұл уақытты едәуір ұзартады. Пулитаноның айтуынша, рекордқа жетудің басты сыры – жүйені толық автоматтандыруда. Ғалымдар 55 бауырға сынақ жүргізіп, автоматтандырылған құрылғыда ағзалардың орташа өмір сүру уақыты 4 аптаға жеткенін дәлелдеген.


Оқи отырыңыз: Дәріханадағы дәрі-дәрмек бағасына күмән туса, қалай тексеруге болады


Болашақта не өзгереді?

Перфузия технологиясы ағзаны сақтап қана қоймай, оның өз-өзін қалпына келтіруіне көмектеседі. 2022 жылы швейцариялық дәрігерлер осы әдіспен 3 күн сақталған зақымдалған бауырды науқасқа сәтті салған. Қазір Сидней ғалымдары 4 күн перфузияда жатқан сапасы төмен бауырларды трансплантациялауға дайындалуда. Дегенмен Apersys стартапының басшысы Вальдемар Хоффманн ағзаны екі айға жуық сақтаудың тәжірибелік маңызына күмәнмен қарайды. Ал Оклахома университетінің хирургі Пауло Мартинс бұл жаңалықтың болашағы зор деп есептейді. Ғалымдардың болжамынша, ұзақ мерзімді перфузия мынадай мүмкіндіктер береді:

  1. Бір бауырдан бірнеше ағза өсіру. Бауырдың қалпына келу қабілетін пайдаланып, оны бөліктерге бөліп, аппаратта толыққанды ағзаға дейін өсіру.
  2. Қауіпсіз гендік ем. Кремний алқабындағы Altos Labs ғалымдары болашақта науқастың зақымдалған ағзасын денеден уақытша ажыратып, аппаратта қуатты гендік терапиямен емдеп, қайта орнына салуды көздеп отыр.
  3. Дәрілерді адам ағзасында сынау. АҚШ-тың Bexorg компаниясы жаңа препараттарды тексеру үшін адам миын перфузияда 2 аптаға дейін тірі ұстауды жоспарлауда.

Қазір бұл бағыт "ағза медицинасы" деген жаңа салаға айналып, Италия мен Қытайда арнайы ғылыми қоғамдар құрылды. Профессор Пулитаноның айтуынша, бұл технология ағзаны жай ғана сақтау шеңберінен шығып, медицинадағы мүлдем жаңа кезеңді бастап отыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау