Қазы мен қымызға бай қазақ мейрамханаларында неге Мишлен жұлдызы жоқ

Мишлен жұлдызы. Фото: depositphotos.com
Мишлен жұлдызы. Фото: depositphotos.com
Мишлен жұлдызы мейрамханаларға 1926 жылдан бері беріледі.

Қазақстанның бес қонақүйі әлемдегі беделді Michelin Guide тізіміне еніп, арнайы белгі алды. Алайда елімізде әлі күнге дейін Мишлен жұлдызын иеленген бірде-бір мейрамхана жоқ. Қазақстанның билік органдары не қонақүйлер мен мейрамханалар өз бетінше Мишлен жұлдызын алуға өтініш бере алмайды. Мишлен қонақүйлер мен мейрамханаларды анонимді инспекторлар арқылы бағалайды.

Мишлен жұлдызы нені білдіреді? Инспекторлар қандай талаптарға сүйенеді? Қазақтың ұлттық асханасы Мишлен жұлдызын ала ала ма? Мишлен гидіне ену елдің туризміне не береді? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді. 

Шина өндіруден басталған рейтинг

Бүгінде Мишлен десе мейрамханалар, аспаздар еске түседі. Алайда Мишлен тарихы мейрамхана бизнесінен емес, автомобиль өнеркәсібінен басталған.

1900 жылы Францияда Michelin шина компаниясының негізін қалаған ағайынды Андре және Эдуард Мишлен жүргізушілерге арналған алғашқы анықтамалықты шығарды. Ол кезде Францияда автомобиль саны аз болғандықтан, ағайындылар адамдарды көбірек саяхаттауға ынталандыруды көздеді. Өйткені жолға жиі шыққан сайын көлік дөңгелектері де тез тозып, шинаға сұраныс артады.

Алғашқы Michelin Guide анықтамалығында жол карталары, жанармай құю бекеттері, автокөлік жөндеу орындары, қонақүйлер мен тамақтанатын жерлер туралы ақпарат болды. 35 мыңға жуық данасы тегін таратылды.

Фото: Michelin Guide

1920 жылы ақылы түрде шыға бастады. Ал мейрамханаларға жұлдыз беру жүйесі 1926 жылы енгізілді. Алғашында тек бір жұлдыз ғана берілетін. 1931 жылы бір, екі және үш жұлдыздан тұратын үш деңгейлі жүйе пайда болып, 1936 жылы оларды беру өлшемдері жарияланды.

Осылайша автомобиль жүргізушілеріне арналған шағын анықтамалық уақыт өте келе әлемдік гастрономиядағы беделді бағалау жүйесіне айналды. Қазір Michelin Guide мейрамханалармен қатар қонақүйлерді де бағалайды.

Мишлен жұлдызын алу үшін қандай талап қойылады?

Мишлен жұлдызы мейрамхананың сән-салтанатына, интерьеріне немесе аспаздың танымалдығына емес, ең алдымен асүйдегі тағам сапасына беріледі.

Мишлен инспекторлары бес негізгі өлшемді басшылыққа алады:

  • Өнімдердің сапасы. Тағамға қолданылатын ингредиенттердің балғындығы мен сапасы.
  • Дәм үйлесімі. Құрамындағы өнімдердің бір-бірімен үйлесуі, дәм тепе-теңдігі.
  • Дайындау техникасын меңгеру. Аспаздың кәсіби шеберлігі, өнімді өңдеу және дайындау тәсілдері.
  • Аспаздың қолтаңбасы. Тағамнан аспаздың шығармашылық көзқарасы мен мейрамхананың ерекшелігі байқалуы.
  • Сапа. Мәзірдегі тағамдардың сапасы әр келген сайын және уақыт өте бір деңгейде сақталуы.

Michelin инспекторлары мейрамханаға қарапайым қонақ ретінде, алдын ала ескертусіз барады. Олар тапсырыс берген тағамның ақысын өздері төлейді. Бағалау кезінде мейрамхана қызметкерлері инспектордың кім екенін білмеуі керек. Қажет болған жағдайда бір мекемеге бірнеше рет барады.

Фото: Michelin Guide

Мишлен жұлдызын беру кезінде интерьер, үстелдегі жабдықтар мен қызмет көрсету сапасы негізгі өлшем ретінде есептелмейді. Олар мейрамхананың жалпы сипаттамасында көрсетілгенімен, жұлдыз тек асүйдің деңгейіне байланысты беріледі.

2025 жылы Алматыға келген үш жұлдызды Michelin иегерлері Доминик Сато, Фабио Тоффолон және Йошико Сато да осы мәселеге тоқталған. Олардың айтуынша, Michelin жүйесінде тағамның сапасы, аспаздың кәсібилігі, өнімдердің балғындығы мен мәзірдегі тепе-теңдік маңызды.

"Жұлдыз алу үшін міндетті түрде француз тағамын дайындау қажет деген түсінік өзгерді. Қазір әлемнің кез келген еліндегі кез келген мейрамхана Мишлен жұлдызын ала алады. Ең бастысы, тағамның сапасы мен ерекшелігі", – деген еді Доминик Сато.

Мишлен жұлдызы. Фото: depositphotos.com

Мишлен жүйесінде мейрамхана ең көбі үш жұлдыз ала алады. Әр деңгейдің өзіндік мағынасы бар.

  • Бір жұлдыз – өз санатындағы өте жақсы асүй. Мұндай мейрамхана жолда арнайы тоқтап, тамақтанып кетуге тұрарлық.
  • Екі жұлдыз – ерекше шеберлік пен жоғары деңгейдегі асүй. Оған бару үшін бағытыңды өзгертуге болады.
  • Үш жұлдыз – бірегей гастрономиялық тәжірибе ұсынатын ерекше мейрамхана. Мұндай орын арнайы сапар жоспарлауға тұрарлық.

Демек үш жұлдызды мейрамханаға бару үшін туристер саяхатын алдын ала жоспарлауы мүмкін. 

Мишлен жүйесінде жұлдыздан бөлек Bib Gourmand белгісі де бар. Ол қолжетімді бағаға сапалы тағам ұсынатын мейрамханаларға беріледі. Ал The Plate (тәрелке) белгісі гидке енген, жақсы тағам ұсынатын орындарды көрсетеді.

Яғни Мишлен гидіне енген мейрамханалардың барлығы бірдей жұлдыз иеленбейді. Гидке ұсынылған орындардың қатарына қосылудың өзі кәсіби мойындау болып саналады.

Michelin Key: қонақүйлерге арналған бағалау жүйесі

Мишлен гиді 2024 жылы қонақүйлерге Michelin Key белгісін бере бастады. Мейрамханаларға берілетін жұлдыздар сияқты, қонақүйлерге де бір, екі немесе үш кілт беріледі:

  • Бір кілт – "өте ерекше демалыс". Өзіндік ерекшелігі мен стилі бар, бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде қызмет көрсететін бірегей қонақүй.
  • Екі кілт – "айрықша демалыс". Саяхаттың маңызды бөлігіне айналатын, әрбір бөлшегі мұқият ойластырылған, ұмытылмас әсер қалдыратын орын.
  • Үш кілт – "таңғажайып демалыс". Жайлылықтың, дизайнның және қонақжайлықтың ең жоғарғы шыңы. Бұл – өмір бойы есте қалатын саяхат жасау үшін арнайы баруға тұрарлық әлемдегі ең үздік қонақүйлер.
Michelin Key белгісі

Бұл жүйе қонақ үйдің интерьерін ғана емес, ерекше атмосферасы мен қызмет көрсету деңгейін бағалайды. Мишлен инспекторлары қонақүйлерге қарапайым қонақ ретінде жасырын түрде барып, өз ақшасына бөлме жалдайды және келесі бес негізгі критерийге сүйеніп баға береді:

  • Өңірдің болмысын аша білуі. Қонақүй орналасқан жердің табиғаты, мәдениеті мен ерекшелігін қонаққа сезіндіруі.
  • Сәулеті мен интерьері. Ғимараттың архитектуралық шешімі, дизайны және безендірілуі.
  • Қызмет көрсету сапасы. Жайлылық пен сервис, қызметкерлердің кәсібилігі мен қонаққа деген ілтипаты.
  • Баға мен сапаның сәйкестігі. Қонақтың төлеген ақшасына сай тәжірибе алуы.
  • Бірегейлігі. Қонақүйдің өзгелерге ұқсамайтын ерекше сипаты, тарихы, сипаты.

Қазақстан алғаш рет Мишлен гидінің тізіміне енді

2026 жылғы жаһандық іріктеу қорытындысы бойынша әлемнің 79 еліндегі 2 832 қонақүй Michelin Key белгісін иеленді. Алғаш рет Қазақстан қонақүйлері де бұл тізімге енді. Қазақстанның бес қонақүйі One Michelin Key белгісін алды: 

  • The Veil Hotel;
  • The St. Regis Astana;
  • The Ritz-Carlton, Astana; 
  • The Ritz-Carlton, Almaty;
  • Tenir Eco Hotel.

Бұдан бөлек Қазақстанның тағы тоғыз қонақүйі Мишлен гидінің жалпы ұсыныстар санатына енді. Олар: Sheraton Astana Hotel, Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty, Qazaq Auyl Eco Hotel, Qazaq Garden, Donatello Premium Almaty, Radisson Blu Hotel Almaty Airport, Zvezdnaya Eco-Hotel, Yurta Boutique Hotel және Medina Palace Hotel.

Фото: Michelin Guide

Осылайша, халықаралық гидтің Қазақстан бойынша тізіміне барлығы 14 қонақүй кірді. Бірақ олардың тек бесеуі ғана арнайы кілт белгісін иеленді. Қалған тоғыз нысан гидтің ұсынылатын қонақүйлер қатарына қосылған.

"Қазақстан әлемдік Michelin Key картасына еніп, отандық қонақүй индустриясындағы жоғары қызмет сапасы мен ерекше сипаты халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Бағалауды тәуелсіз әрі анонимді инспекторлар қатаң әдістеме бойынша жүргізетіндіктен, бұл мәртебе шетелдік саяхатшылар тарапынан үлкен сенім тудырады. Елдің туристік имиджі мен саласына тигізер әсері мол. Халықаралық тізімге бірден 14 қонақ үйдің енуі Қазақстандағы қонақжайлық стандарттарының әлемдік деңгейге сай екенін көрсетеді. Сонымен қатар, еліміз жаңа туристік бағыт ретінде танылып отыр. Мишлен сарапшылары "Қазақстан елордасындағы сәулет оазисі" деген ерекше баға берді. Бұл жетістік туризм инфрақұрылымының әрі қарай дамуына және Қазақстанды Орталық Азиядағы басты туристік бағыт ретінде орнықтыруға үлкен серпін береді", – деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы.

Қазақстанда Мишлен жұлдызды мейрамхана неге жоқ?

Қонақүйлердің халықаралық тізімге енуі Қазақстанның мейрамхана саласына да назар аударуға себеп болды. Өйткені, Мишлен гиді қазақтың ұлттық тағамдарын, жергілікті өнімдер мен аспаздардың тәжірибесін халықаралық деңгейде таныта алады. Қазақстанда Мишлен жұлдызын алған бірде-бір мейрамхана жоқ.

Аспаз Доминик Сатоның пікірінше, Мишлен жұлдызын алу үшін міндетті түрде еуропалық тағамдарды дайындау шарт емес. Керісінше жергілікті асүйдің ерекшелігін сақтап, оны сапалы өнімдер мен заманауи аспаздық тәсілдер арқылы ұсыну маңызды.

Мишлен гиді жергілікті өнім мен өңірдің гастрономиялық болмысына мән береді. Мұны француз сарапшысы, жоғары асүй саласының кеңесшісі, бармен әрі бариста Виктор Дельпьер де атап өтті. Ол Мишлен гидіне кіретін мейрамханалармен кеңесші ретінде жұмыс істеген. Дельпьердің айтуынша, қонақ мейрамханаға кірген сәттен бастап, тамақ ішіп біткенше ерекше гастрономиялық әсер алуы керек.

Қазақтың қазысы, қымыз-шұбаты, құрт-талқаны ерекше болғанымен, оларды қолданудың өзі жұлдыз алуға жеткіліксіз. Әр өнім тағамның сапасы, дәм үйлесімі, аспаздың шеберлігімен ұштасуы қажет.

Қазақтың ұлттық тағамы. Фото: depositphotos.com

Француз аспазы, Мишлен жұлдызының иегері Жером Кустиас та Қазақстанда Мишлен жұлдызын алған мейрамханалар пайда болуы үшін алдымен гастрономиялық инфрақұрылымды дамыту қажет деді. Айтуынша, Мишлен гиді жаңа нарыққа келмес бұрын туристік инфрақұрылымға, мейрамханалардың деңгейіне және қызмет көрсету саласының сапасына назар аударады.

"Мишлен – жабық әрі құпия жұмыс істейтін ұйым. Инспекторларын қай елге жіберу керек екенін шешкен кезде инфрақұрылым, туризмнің дамуы, қызмет көрсету саласындағы мекемелердің сапасы сияқты көптеген факторды ескереді. Сондықтан Қазақстан рецензенттердің назарын аударып, мейрамханалардың деңгейін көтеріп, туристік әлеуетін қолдана алуы керек", – деді Жером Кустиас.

Қазақстан Мишлен жүйесіне неліктен енді ғана қосылды?

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы 2020 жылдан бастап Michelin Guide өкілдерімен ынтымақтастық орнату және Қазақстанды мейрамханаларға арналған гидтің географиясына қосу мүмкіндігі жөнінде жұмыс жүргізіп келеді. Michelin Key 2024 жылы ғана басталған жаңа жоба болғандықтан, алғашқы кезеңде дәстүрлі туристік нарықтар қамтылып, 2026 жылғы іріктеуде гид географиясына Қазақстандық қонақүйлер қосылды.

Kazakh Tourism мейрамханаларға берілетін Мишлен жұлдызы іріктеуі әзірге елімізде жүргізілмейтінін атап өтті.

"Инспекторлардың бағалау философиясы ортақ. Мәселен, Michelin Key іріктеуінде нысанның қонаққа өңірдің болмысын аша білуі, даралығы мен өзіндік колориті басты критерийлердің бірі болды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың ұлттық асханасы мен дәстүрлі тағамдарының әлеуеті өте жоғары. Төл гастрономиямыздың бай тарихы, табиғи өнімдері және заманауи авторлық интерпретацияда ұсынылуы әлемдік гастрономиялық сыншылардың жоғары бағасын алуға толық мүмкіндік береді", – делінген Kazakh Tourism жауабында.

Kazakh Tourism үш жыл бойы келіссөздер жүргізіп, Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет әлемдегі ең беделді гастрономиялық рейтингтердің үштігіне кіретін Gault&Millau халықаралық гастрогиді желісіне енді. Бұл қатарда Michelin және World’s 50 Best Restaurants бар. Алматы Gault&Millau гастрономиялық гидін әзірлеу бойынша ресми келісімшартқа қол қойса, ал Астана ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Гидтің халықаралық тәуелсіз инспекторлары еліміздегі мейрамханаларға анонимді бағалау жүргізіп, үздіктеріне "toques" (аспаз қалпақтары) рейтингін береді.

Ұлттық компания өкілдері, саяхатшылардың белгілі бір бөлігі сапар бағытын таңдағанда тікелей Мишлен гидінің ұсыныстарына сүйенетінін айтып отыр. Алайда Мишлен ұсынған тізімге ену туристер саны бірден өседі дегенге кепілдік бермейді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау