OECD зерттеуінде Қазақстанның позициясы жақсара түсті

Фото: Үкіметтің Telegram арнасы
Фото: Үкіметтің Telegram арнасы
Биыл зерттеуге Қазақстаннан 7 мыңнан астам педагог және 369 мектеп директоры қатысты.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген TALIS-2024 сабақ беру және оқытудың халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды, деп хабарлады Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі

TALIS зерттеуі білім беру ортасын, педагогтердің еңбек жағдайларын, кәсіби даму мүмкіндіктерін, оқыту тәжірибесін және кәсіби ұстанымдарын бағалайды. Биыл зерттеуге Қазақстаннан 7 мыңнан астам педагог және 369 мектеп директоры қатысты. Оқу-ағарту министрлігі бұл мұғалімдердің оқу ортасын және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған кең ауқымдағы жалғыз халықаралық зерттеу екенін атап өтті. 2018 жылмен салыстырғанда қазақстандық педагогтерді әкімшілік жұмыстарға тарту азайып, олар сабақ беруге және ата-аналармен, қамқоршылармен байланысқа көбірек уақыт бөле бастаған. Сондай-ақ мамандығына және еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі едәуір артқан. 

Одан бөлек, зерттеу нәтижелері педагогтердің еңбек жағдайында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсетеді. Өткен оқу жылында қазақстандық педагогтердің орташа апталық жүктемесі 36 сағатты құрады. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 50 сағат болған. Мұндай қысқарту – ЭЫДҰ елдерінің ішінде ерекше жағдай.

Сонымен қатар Қазақстандағы педагогтердің орташа жасы 41 жасқа дейін төмендеді, бұл ЭЫДҰ-дегі орташа көрсеткіштен 4 жасқа төмен. 

Маңызды нәтижелердің тағы бірі – педагогтердің еңбек жағдайларына және жалақысына қанағаттанушылық деңгейінің көтерілуі. Сауалнама деректері бойынша, педагогтердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80 пайызы мамандықты қайта таңдаса, қайтадан мұғалім болуды қалайтынын айтқан.  

Қазақстан TALIS зерттеуіне 2018 жылдан бері қатысып келеді. Алынған нәтижелер білім беру стратегиялары мен ұлттық заңнаманы, соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу кезінде ескерілген.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары