Баласын дәрігерге көрсету үшін Павлодардан Алматыға келген әйел хабарландыру арқылы пәтер жалдаған. Алайда жарнамадағы суреттер мен пәтердің шынайы жағдайы сәйкес келмеген. Әйел осыған байланысты жағымсыз пікір қалдырған соң, үй иесі оны қорқытып, пікірін өшіруді талап еткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам әйелдің телефон нөмірін тауып алып, оған хабарласқан. Ол пікірді өшіруді талап етіп, ар-намысына тиетін сөздер айтқан және қорқытқан.
"Балаңның жаны қиналсын, өздерің де қиналып өтіңдер", – дейді ер адам әйелге аудиохабарлама жібере отырып.
Сот ер адамды 10 тәулікке қамады
Әйелдің арызынан кейін Алмалы аудандық полиция басқармасы ер адамды анықтаған. 31 жастағы азаматтың ісі сотқа жолданып, ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.