Қазақстандықтардың басым бөлігінің айлық табысы 200 мың теңгеге де жетпейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ел тұрғындарының 61 пайызына тән ең жиі кездесетін жалақы мөлшері – 187 мың теңге. Бұл ретте екінші жартыжылдықта елдегі орташа айлық 486 мың теңгеден асқан, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда екінші жартыжылдықтағы орташа айлық жалақы 486 мың теңгеден асқан. Алайда бұл көрсеткіш халықтың басым бөлігі алатын нақты табысты білдірмейді. Статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың 61 пайызы ең жиі кездесетін 187 мың теңге көлеміндегі жалақы алады.
Экономист Бекнұр Кисиковтың айтуынша, кейбір жұмыс берушілер қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге асықпайды. Оның сөзінше, кәсіпкерлер төмен жалақыға жұмыс істеуге келісетін адам табылғандықтан, еңбекақыны арттыруға мүдделі емес.
"Үлкен кәсіпкерлерде жалақыны көтеруге мүмкіндік бар. Бірақ олар: "Осы 188 мың теңгеге адам таптым, ұнамаса кете бер, мен басқа адам аламын" дейді. Мысалы, Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдер неге дамыды? Оларда бір адам компанияда 30 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені оның жалақысын көтереді. Нарық болмау керек, әлеуметтік жағынан қарау керек. 188–190 мың теңгеге қалада тұру қиын", – дейді экономист.
Өңірлер бойынша ең жиі кездесетін жалақы мөлшері Шығыс Қазақстан облысында жоғары. Онда тұрғындардың басым бөлігі айына 310 мың теңге алады. Екінші орында Атырау облысы – 308 мың теңге. Алматыда бұл көрсеткіш 297 мың теңгені құрайды.
Ал салалар бойынша ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру секторында тіркелген. Бұл бағытта жиі кездесетін айлық мөлшері 500 мың теңгеге жуықтайды. Керісінше, білім беру саласында көрсеткіш әлдеқайда төмен. Мұнда ең жиі кездесетін жалақы 114 мың теңге шамасында.
Экономистер жұмыс берушілерді қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге және олардың әлеуметтік қажеттіліктерін ескеруге шақырады.