Мадридте Димаш жанкүйерлерінің кешінде шетелдегі қазақ балаларының суреттер көрмесі болды

Мадридте өткен қазақ балалар суреттерінің көрмесі. Фото: "Отандастар" қорының баспасөз қызметі
Мадридте өткен қазақ балалар суреттерінің көрмесі. Фото: "Отандастар" қорының баспасөз қызметі
Іс-шараға 500-ге жуық адам қатысты.

Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Мадрид концерті қарсаңында өткен жанкүйерлер кеші (pre-party) аясында "Қазақстан – менің көзіммен" халықаралық шығармашылық байқауының көрмесі өтті, деп хабарлады "Отандастар" қорының баспасөз қызметі. 

Көрмеде шетелде, атап айтқанда Жапония, Нидерландтар, БАӘ, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстанда тұратын қазақ балаларының өз қолымен салған суреттері қойылды. Іс-шараға 500-ге жуық адам қатысты.

Pre-party кешіне Димаштың әлемнің әр түкпірінен Испания астанасына арнайы келген жанкүйерлері, Еуропаның 20-ға жуық елінен келген қазақ диаспорасының басшылары және Испаниядағы отандастар жиналды. 

Мадридте өткен қазақ балалар суреттерінің көрмесі. Фото: "Отандастар" қорының баспасөз қызметі

Көрмені "Отандастар қоры" КеАҚ Мадридтегі қазақ мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. "Қазақстан – менің көзіммен" байқауына жіберілген жұмыстарда шетелде өсіп жатқан қазақ балалары тарихи Отанын, оның табиғатын, салт-дәстүрі мен мәдениетін өз көзімен бейнеледі. Жанкүйерлер мен шетелдік қонақтар үшін бұл суреттер Қазақстанды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның мәдениетін, ұлттық өнерін, салт-дәстүрі мен тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының өзара ынтымақтастығын нығайту. Кеш барысында Қоғамның негізгі қызметтері мен қазақ тілін үйрететін Абай институты порталы бейнепрезентация арқылы таныстырылды.

Мадридте өткен қазақ балалар суреттерінің көрмесі. Фото: "Отандастар" қорының баспасөз қызметі

Сурет көрмесі қазақ дәстүрі, испан өнері мен Димаш шығармашылығы тоғысқан кең мәдени бағдарламамен қатар өтті. Кеш жас домбырашылар Әлинұр және Әлихан Амангелділердің орындауындағы "Балбырауын" және "Ер-Тұран" күйлерімен ашылды.

Кештің музыкалық бөлігінде Jonhy Calleja, Жанель Әли, Viryam Amor Ondas және Rachel Rustria Димаш репертуарынан "Unforgettable Day", "Tau Ishinde", "Ave Maria", "SOS" секілді туындыларды орындады. Жанкүйерлер "Living for the Game" композициясына арнайы би қойылымын дайындады. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау